Жаңалықтар

Түркістан облысында жолаушылар пойызы теміржолшыны қағып кетті

Түркістан облысындағы Қостүйін станцасында қайғылы оқиға болды. №77 жолаушылар пойызының астына теміржолшы түсіп кеткен. Ол алған ауыр жарақатынан оқиға орнында қайтыс болған.

Бейресми ақпаратқа қарағанда, пойыз 78 км/сағ жылдамдықпен қозғалып келе жатқан. Машинист шұғыл тежегішті басқанымен, теміржолшы жолдан кетіп үлгермеген.

«Түркістан станциясының желілік полиция бөлімі абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан темiржол көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта іс бойынша оқиғаның мән-жайын анықталуда» делінген көліктегі полиция департаментінің хабарламасында.

Көліктегі полиция департаменті оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Ал өзге ақпарат тергеу құпиясына байланысты жариялауға жатпайтынын хабарлады.