Жаңалықтар

Шығындар есебін жасырған мүлік иелері бірлестігі төрағалары айыппұл арқалайды

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) қаржылық есептілігін міндетті түрде жариялау тәртібі енгізілді. Енді МИБ төрағалары тұрғындардың қаражаты қайда және қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсетуге тиіс.

Тек әкімшілік жауапкершілік

Журналистер шығындарды жасырғандарға қандай жаза қолданылатынын Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтен сұрап білді. Ол қылмыстық жауапкершілік қарастырылмағанын атап өтті.

«Бұл жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделеді, ал қылмыстық жауапкершілікті енгізе алмаймыз. Сонымен қатар тұрғын үй инспекциялары тарапынан бақылау күшейтіледі», –  деп нақтылады ол.

Бұған дейін Үкімет тұрғын үй-коммуналдық реформаға қарамастан, елде көппәтерлі үйлерді басқару саласында талаптар сақталмай, оны теріс пайдалану сақталып отырғанын мойындаған болатын. Бұл мәселені реттеу үшін ПИК және МИБ-терді оқу курсынан өткізуге, сертификаттауға және бірыңғай мемлекеттік тізілімге енгізуге міндеттеу жоспарлануда.