Авто

Алматы полициясы лас көліктерді тексеріп жүр

лас автокөлік түтін
Автокөліктен шыққан қара түтін Алматы ауасын ластайды / фото: shutterstock

Алматы қаласының полициясы мен «Eco Almaty» қызметкерлері мегаполис көшелеріндегі лас автокөліктерді тексеріп жүр. Бұл туралы Kursiv.Media шаһар әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Алматыдағы көліктердің экология талаптарына қаншалықты сай екені түрлі аудандарда арнайы құралдармен тексерілді. Мәселен, сейсенбі күні Саин және Дулати көшелерінің қиылысында 30 автокөлік тоқтатылып, 16 машинаның шамадан тыс түтін шығаратыны анықталды. Олардың екеуі дизельмен, ал 12-сі бензинмен жүреді.

Қосымша тексеру Сүйінбай даңғылы мен Бекмаханов көшесінің қиылысында ұйымдастырылды. Мұнда 20 автокөлік тексеріліп, алтауы лас екені анықталды.

Бір тәулікте 22 әкімшілік хаттама толтырылды. Көлігі қара түтін шығаратын жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғаларға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Әкімдік қала көшелеріндегі автокөліктерді бақылау 2025 жылғы 30 желтоқсанда бекітілген қағидаға сай жүргізіліп жатқанын ескертті. Былтыр мегаполис билігі экологиялық бақылауды күшейтуді көздейтін ереже қабылдаған.