Lifestyle

Алматы тауларындағы қар барысы спутник арқылы бақылауға алынды

Қар барысы / фото: Іле-Алатау ұлттық паркі

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында қар барысын қорғау және оның қозғалысын бақылау мақсатында жыртқышқа спутниктік қарғыбау орнатылды.

Жуырда Алматы қаласының әкімшілік аумағына кіретін Үлкен Алматы шатқалында қар барысы автожол маңында маралды аулап, олжасын жеп жатқан сәтінде байқалған. Бұл аумақ демалушылар жиі баратын орын болғандықтан, жыртқышты адамдар тез аңғарып, ақпарат әлеуметтік желілерге жылдам тараған. Келесі күні бұл жерге келушілер саны күрт көбейген.

Ұлттық парк мамандарының ескертуіне қарамастан, кейбір адамдар жабайы аңға тым жақындап, дрон ұшырып, ерекше қорғалатын аумақтағы тәртіп ережелерін бұзған. Көпшілік қар барысының Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек жануар екенін және олжасын қорғау кезінде қауіпті болуы мүмкін екенін ескермеген. Мұндай әрекеттер жануарға күйзеліс тудырып, адамдар үшін де қауіп төндірген.

Осы жағдайдан кейін мамандар қар барысын қорғау әрі адамдар мен жыртқыш арасындағы ықтимал қауіптің алдын алу үшін оны уақытша аулау туралы шешім қабылдаған. Жануарға қысқа мерзімді наркоз беріліп, денсаулық жағдайын тексеру үшін қажетті биоматериалдар алынған. Барлық процедура халықаралық ветеринарлық және этикалық талаптарға сай жүргізілген.

Спутниктік қарғыбау не үшін керек

Спутниктік қарғыбауды орнату жұмыстарына Зоология институтының мамандары, Іле-Алатауы ұлттық паркінің қызметкерлері, Алматы хайуанаттар бағы мен Snow Leopard Foundation қорының сарапшылары қатысқан.

Орнатылған құрылғы қар барысының қозғалысын бақылауға, қауіпті аймаққа жақындаған жағдайда жедел шара қабылдауға, адам мен жабайы табиғат арасындағы қақтығыстың алдын алуға және сирек жыртқышты қосымша қорғауға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, қарғыбауда төтенше жағдайда қашықтан ажырату функциясы бар. Сонымен қатар, бір-екі жыл ішінде жануардан автоматты түрде ажырап түседі.

Зертханалық тексеру нәтижесінде қар барысының дені сау екені анықталған. Қазір жыртқыш қауіпсіз түрде табиғи мекеніне қайта оралып, қалыпты тіршілігін жалғастырып жатыр.

Іле-Алатау ұлттық паркі тұрғындар мен туристерді таулы аймақтарда қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жабайы табиғатты мазаламауға және сирек кездесетін жануарларды қорғау әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпауға шақырды.