Lifestyle

Ақтаулық блогер ұлының атын Роналдо деп қойды

Роналдо есімі
Фото: instagram/urazbekovy

Пранк жасап танылған блогерлер – Мерей Оразбеков пен Әсел Ерімбетова күні кеше ұлды болды. Олар өмірге келген сәбидің есімін Роналдо деп қойған. Аяғы ауыр кезден бері осылай қоятынын айтқан блогерге оқырман аса сенбеген еді. Бірақ босанғаннан кейін баланың туу туралы куәлігін stories-ке салғанда көбі таңғалды. 

Осыдан 4 күні бұрын босанған Әсел Ерімбетова сүйінші жаңалықты парақшасына бірден бөлісті.

«Қазақ еліне +1 Роналду. Кішкентай Рониымыздың жағдайы жақсы, Аллаға шүкір», – деп жазған еді ол.

Бірақ ол кезде оқырманның дені құтты болсын айтумен шектелген. Ал кеше перзентханадан шығарып алған сәттен видео салғанда, баланың бөлмесін «Роналдо Мерейұлы» деп жазылған шарлармен безендірген кадрдан соң, көпшілік таңданысын жасырмады.

«Мәә, шынымен Роналдо қойыпсыздар ғой. Бауы берік болсын. Қазақтың мықты Роналдосы болсын. Әлемге әйгілі мықты спортшы болсын» деп қуанып жатқандар аз емес. Десе де, «Роналдо ма есімі? Қалжыңдап жатқан шығар десем», «Неге оданда пайғамбардың есімін немесе қазақтың мықты ақын-жазушыларының атын қоймасқа?», «Қазақтың аты құрып қалды ма?» дегендер де бар. 

Артынша Әсел stories-ке мемлекеттік органдардан баланың құжатын онлайн рәсімдеуге келетін смс-ке Роналдо деп жазып жібергенін скрин қылып салып, туу туралы куәлігін көрсетті. Ерекше есімге қатысты жас ана былай деді:

«Есімнің ұлты болмайды, есімнің салмағы болады. Роналдо – еңбек, тәртіп, жеңіс, әлемге танылу деген символ. Біз балаға жай ат емес, ниет қойдық. Біреу батырдың атын қояды, біреу атасының атын, ал біз ұлымыз әлемдік деңгейде жүрсін, шекарасы тар болмасын деп қойдық». 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ақтаулық блогер «Қалаулымның» бұрынғы қатысушысымен көңіл жарастырғанын жайып салғаны туралы жазған едік.