
Cancel culture – елімізде кейінгі кезде ене бастаған феномен. Түп тамыры батыстан басталған, медиакеңістікте танымал тұлғалардың теріс қылығын сынауға бағытталады. Кейде кәнсіл әрекеті шектен шығып, әлдекімдерді тұқыртып жіберетін де күшке ие. Бүгінгі материалымызда аталған мәдениеттің қайдан шыққанын, кейінгі кезде қазақстандық медиаалаңда сынға қалғандарды тіземіз.
Cancel culture термині нені білдіреді?
Бұл терминді алғаш болып батыстық медиакеңістік қолдана бастады. Шамамен 2010-шы жылы шыққан. Ресми термин ретінде қолданысқа 15 жылдай уақыт бұрын қосылғанымен, әрекет ретінде «кәнсіл» бұрыннан бар екенін атап өту керек. Біреуді қолдаудан бас тартатынын білдіретін cancel сөзі интернет-сленг пен поп-мәдениетке 1991 жылы жарық көрген New Jack City фильмінен кейін енген. Кейіннен әлеуметтік желілер, әсіресе Twitter қолданушылары осы сөзді көптеп қолданып, ақыры бөлек термин ретінде қосылған. «Кәнсілдеу» деген сөз әлдебір өнім, адам, компанияның тарапынан жасалған белгілі бір әрекетке қоғамның қарсылық білдіріп, шеттетуі десек болады. Мысалы, бір компания қызметкері сервис барысында клиентке жағымсыз бір әрекет жасаса, сол үшін компанияға бойкот жарияланады. Ол жерде ешқандай заңды процедуралар болмауы мүмкін. Бірақ қоғамның қысымы қатты болады. Сондықтан мұндайда кәнсілге ұшыраған тарап сауатты түрде «қыртысты» жаза білуі керек. Әйтпесе, расында соңы жақсылыққа апармауы ғажап емес.
Кейінгі кездегі кейстерге шолу
Нұрсұлтан Жақсыген
Жайдарманшы, актер Нұрсұлтан Жақсыген әйелі – Фариза Алмазқызымен ажырасқаннан кейін экс-жұбайын балағаттап, түрлі өсек-аяң таратқан. Бұл туралы Фариза сұхбаттарында да, желідегі парақшасында да жазды. Оған қоса, Нұрсұлтанның өзі арагідік әйелін сөзбен түйреп, stories-ке салып отырады. Шоумен әйеліне ауыр сөздер айтып, өзінен туған балаларына көмектеспейтінен бөлек, бұрынғы қайынжұртына да жиі тіл тигізеді. Фаризаның айтуынша, Жақсыген оған талай рет жала жауып, қатты шектен шыққан.
Өтірік аккаунтардан өзіне жазып, соны халыққа шығарып, жамандайды екен. «Халық болып бір ауыздан аты өшетіндей бойкот жариялағым келеді» деп жазған еді. Нұрсұлтан Жақсыген «Он бала тапсаң да қадірің жоқ, «аулақ жүріңдер, сығандар», «надан етіп тәрбиелеген әке-шешеңе рахмет», «балаларды көрмей-ақ қойдым», «қазір заң сатылады, өзім шешіп аламын», «қыздығыңды алған мен ғой, бастысы», «донерка» ашсам, әкеңді жұмысқа алам, шешеңді кассир қылам, саған «уборка» жасатам», «жалынып келетін күн туар» деп жазған. Осыдан кейін қоғам тарапынан актерге кәнсіл жасалды. Тіпті жаңадан шыққан «Көз тимесін» фильмінің тұсаукесеріне шақырды деп stories-ке салған соң, жұрт фильм ұжымына да наразылығын білдірді.
Айнұр Ілиясова
Белгілі актриса, подкастер Айнұр Ілиясова Threads қолданушыларын тобыр деп атағаны үшін сынға қалды. «Тобырдың билегені – өте қауіпті иллюзия. Әділет үшін деп басталып, соңы зорлыққа келіп тіреледі» деп жазған. Оған қоса, «Қателікті қазір өсетін кезең деп емес, жазалауға себеп қылып алған. Еш диалог жасалмайтын, эмпатия жоқ қатаң жаза. Адам тағдырын шешу үшін тобырға бір айғай жеткілікті болатын ортағасырларда жүрген сияқтымыз. Айырмашылық құралдарға ғана. Қателесуге құқығың жоқ, ешкім құлақ аспайды» деп ойын толықтырды ол жазбасында. Instagram желісінде жарияланған осы жазбадан кейін Threads қолданушылары Ілиясованы халықты тобырға теңегені үшін сынады.
Zebra Coffee
Қазақстандағы ірі кофехана желілерінің бірі Zebra Coffee де бірнеше ай бұрын кәнсілге ұшарады. Атап айтқанда, желіде кофехана қызметкерлері күні бойы аяқтан тік тұрып жұмыс істеуге мәжбүр деген әңгіме тарады. Сауда орталықтарындағы филиалдардан түсірілген видеода қызметкерлерге арналған орындық жоқ екені көрініп тұр. Осыдан соң жұрт кофеханаға наразылық білдіріп, қызметкерлерге жайлы жағдай жасауды талап етті.
Кофехана басшылығы бұған қатысты былай деп ресми мәлімдеме жасады: «Мына жағдайға қатысты айтып өтейік. Қызметкерлердің отыратын орындықтары бар. Қыз-жігіттер керек болса, алады. Отырып болған соң жұмыс аймағында кедергі болмасын деп қайтадан алып қояды. Себебі ол жер тар. Оған қоса, қызметкерлер демалатын қойма бар екенін де атап өткіміз келеді. Threads-тегі жазба авторын қызметкерлердің жұмыс аймағын көрсетіп, сұрақтарына жауап беру үшін «Азия парк» сауда орталығындағы кофеханаға шақырдық».
Акмаль Ходжаниязов (Akmal’)
Түрікменстанда туған, ұлты ұйғыр ресейлік әнші Акмаль Ходжаниязовты да қазақстандықтар қатты кәнсілдеді. Не болғанын айта кетсек: әнші Қазақстанға Республика күні қарсаңында ән кешін өткізуге келген еді. Бірнеше қалада концерт өткізуді жоспарлап келген ол Петропавлдағы кеште бейәдеп қылық танытты. Ән кешіне келген тыңдарманның бірі Акмальға көкшіл сары түсті пакетке салып, сыйлық ұсынады. Сахнада тұрған әнші: «Мына пакетті өртей салыңыз. Түстері ұнамайды маған», – деді. Қазақстанның туында бар көк және сары түстерге құрмет көрсетпегені халықтың ашуын тудырды. Көбі мұны ұлттық символдарға құрметсіздікке балады.
Үлкен сынның астында қалған Акмаль көп ұзамай Instagram желісіндегі парақшасына пікір білдіріп, болған жағдай туралы былай деді: «Мен ешқашан Қазақстан туралы жаман сөз айтқан емеспін. Айтпаймын да. Мұнда менің туыстарым тұрады. Осы жақта балалығымды өткердім. Бұл жаққа келген сайын қуанамын. Араға от салғысы келетіндерге қарағанда жақсы адамдар саны әлдеқайда көп. Республика күні құтты болсын, Қазақстан!», – деп жазды ол жауап ретінде. Осы оқиғадан кейін әншінің басқа қалаларда өтуге тиіс болған концерттері өтпей қалды. Концерт ұйымдастырушысы Ольга Горбикова Акмальдың Павлодар, Өскеменде өтеді деп жоспарланған концерттері өтпейтінін, билет алған ақша барлығына түгел қайтарылатынын жазды.
Айбек Байназаров
Экс жайдарманшы, актер Айбек Байназаров арағы жиырма жыл салып шығармашылыққа қайта оралды. Бірақ Майкл Джексон болып танылған актер абайсызда айтылған сөзі үшін сынның астында қалды. Атап айтқанда, «Шәй әңгіме» подкасына қонақ болып барған ол әңгіме барысында бірнеше жыл бұрын пойызда, ішіп алып бір қызға тиіспек болғанын айтып береді. «Өзінің бойдақтығын, жастығы мен мастығын себеп қылып, қызға тиіскенін ақтамасын» деп кәнсілдеді желі қолданушылары.
Подкастың сол күнгі шығарылымы салынғанына бірнеше сағат өткен соң арнадан өшірілді. Жүргізуші Дархан Оспанов монтаждағанда осы сәтті қиып тастау туралы ойламағанын айтып, кешірім сұрады. Тіпті Айбекке жасалған кәнсілді Дархан да бөлісті. Себебі бұған дейін оны жұрт «грин флаг» санап жүрген. Ал мына әңгімені тыңдап отырғанына қоймай, қарқылдап күлгені оқырманға ұнамаған. Оған қоса, «өзі де қыз өсіріп отырған әке болғасын қызға жігіттердің тиіскеніне қарсы шығуы керек еді» деген пікірлер жазылды. Осыдан соң подкаст авторы да, Айбектің өзі де халық алдында кешірім сұрап, өкінетінін жеткізді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Байназаровтың ол іске өкінетінін жазған едік.