
Lionsgate киностудиясы аты аңызға айналған әнші Майкл Джексонның өмірі жайлы «Майкл» атты биографиялық фильмнің толыққанды трейлерін жариялады.
Фильмнің премьерасы 23 сәуірге жоспарланған. Картинада басты рөлді марқұм әншінің жиені Джаафар Джексон сомдайды. Екі минуттан асатын трейлерде поп-музыка королінің әлемдік даңққа жеткенге дейінгі шығармашылық жолы мен сахнадағы жарқын сәттері оның ең танымал хиттерімен қатар көрсетілген.
Ресми синопсиске сәйкес, фильм Джексонның музыкадан тыс өмірін де қамтиды. Картинада оның отбасылық топтағы алғашқы қадамдарынан бастап, әлемдегі ең ұлы әртістердің біріне айналған кезеңіне дейінгі жолы, шығармашылық амбициясы, сахна сыртындағы өмірі және алғашқы жеке концерттеріндегі қойылымдары көрсетіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Майкл Джексон мұрагерлері зорлық құрбандарына 2,5 млн доллар төлегені туралы жазған едік.