
Қазақстанда азаматтық құқықтық сипаттағы шарт жасауға (АҚС) тыйым салынбақ. Егер қызметкермен қарым-қатынаста кемінде бір еңбек белгісі болса, жұмыс беруші міндетті түрде еңбек келісімшартын жасауға тиіс.
Бұл өзгеріс еңбек жағдайларын жақсарту және жұмысшылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасында жазылған. Мәжіліс оны екінші оқылымда мақұлдады. Құжат Сенатқа жіберіліп, содан кейін Президенттің қолы қойылады.
Заң жобасына сәйкес, егер қызметкердің жұмысына кемінде бір еңбек белгісі сәйкес келсе, жұмыс беруші міндетті түрде еңбек шартын жасауы керек. Мұндай белгілерге:
- нақты мамандық немесе лауазым бойынша жұмыс істеу;
- ұйымның ішкі тәртібі бойынша жұмыс істеу;
- тек жұмыс процесі үшін жалақы алу жатады.
Сонымен қатар заң жобасы ұжымдық келісімге жаңа ереже енгізеді. Әр мамандық пен лауазым бойынша ең төменгі және ең жоғары жалақы мөлшерінің шегі белгіленіп, еңбек жағдайына байланысты төленетін жәрдемақылар мен өтемақы, соның ішінде өндірістік жарақат кезінде төленетін өтемақы нақтыланады.
Еңбек қауіпсіздігі бойынша маман тікелей ұйым басшысына бағынады, ал денсаулық сақтау саласының уәкілетті органы жарақаттың ауырлығын анықтау ережесін бекітеді.
Осы заңға сәйкес, әкелердің декреттік демалысы зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынады.