
Шығыс Қазақстанда адамдарды алмастыратын жоғары технологиялы сапер роботтар пайда болмақшы. Облыстық мәслихат сессиясында жаңа жүйені сатып алу үшін 1 млрд 750 млн теңге бөлу туралы шешім қабылданған деп жазады Қазақпарат.
«Қаржыландыру өткен жылдан игерілмей қалған қаражат, сондай-ақ соңғы уақытта облыс қазынасына түскен қосымша салықтар мен айыппұлдар есебінен қалыптастырылды», – деп атап өтті депутаттар.
Айта кету керек, бұл жерде нақты стационарлық техника сатып алмайды. Өндірістік аймақтардан бастап күрделі жер бедеріне дейінгі қолжетімі қиын аумақтарда жарылғыш заттарды залалсыздандыруға арналған мобильді жүйе сатып алмақшы. Мұндай робот қызметкерлердің өміріне тікелей қауіп төндірмей, күмәнді нысандарды қашықтан тексеруге, тасымалдауға және бейтараптандыруға мүмкіндік береді.
Депутаттардың айтуынша, мұндай техниканы сатып алу – өңір қауіпсіздігіне салынған инвестиция. Шығыс Қазақстан аумағында ұзын-сонар көлік дәліздері, ірі өнеркәсіптік нысандар және шекаралас орналасу ерекшелігі бар, бұл жедел және күштік құрылымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды талап етеді.
Осыған дейін Өскеменде 498,5 млн теңге тұратын ауа мониторингі жүйесі орнатылатыны жайлы жазған едік.