
Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имаш қарыздан құтылу үшін өзіне тиесілі баспанасы мен көлігін сатып жібергенін мәлімдеді. Қазір ол отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Бұл туралы журналист Айнұр Асанбердінің YouTube бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Балғынбек Имаштың сөзінше, бүгінде оның жеті баласы бар, жуырда келін түсірген. Сондай-ақ анасы да бірге тұрады.
«Баспанам жоқ. Қарыздан құтылу үшін үйімді де, көлігімді де сатып жібердім. Қазір бәріміз жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Дүние келеді, кетеді. Ол мен үшін маңызды емес», – дейді ол.
Ақын сұхбат барысында «Аманат Хоум» жобасына қатысты да пікір білдірді.
«Маған «саған сеніп ақша салдым» деген адамдар болды. Расында, менің де кінәм бар. Жалғыз мен емес, басқа да танымал адамдар жарнамалады. Егер біреу «Балғынбек, сенің сөзіңе сеніп кірдім» десе, сол ақшаны өз қалтамнан қайтаруға дайын болдым. Қажылыққа баратын соңғы ақшамызды балаң сөйтті-бүйтті деген сөздер жүрекке әсер етті», – дейді айтыскер.
Бұған дейін желіде айтыскер-ақындар – Жандарбек Бұлғақов, Сырым Әуезхан және Балғынбек Имаштың онлайн-айтысы қызу талқыға түскенін жазған едік.