
Экс-премьер, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген самурай қылышы екінші мәрте аукционда сатылғалы жатыр. Жәдігердің бастапқы бағасы 461 312 теңге, яғни шамамен 1 мың доллардан басталады.
Самурайдың қайта оралуы
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) қазір түрмеде отырған бұрынғы шенеунік Кәрім Мәсімовтің самурай қылышын тағы да аукционға шығарды. Жапон суық қаруы электронды сауда порталы – sauda.e-qazyna.kz платформасында сатылады.
Қылыш осымен екінші мәрте сатылғалы жатыр. 2025 жылғы 4 қарашада өткен аукционда ол 540 мың теңгеге сатылған еді. Бірақ кейін оны алған адам ақшасын төлемегені мәлім болды. Соған байланысты самурай қылышы аукционға қайта оралды. Сауда 20 ақпанда сағат 11-де басталады.

Қылыш несімен құнды
Жәдігер самурай қылышы мен оның қынабынан тұрады. Қылыш жүзі болаттан құйылған. Ал сабы күміс немесе алюминий түстес материалдан дайындалған. Оған геометрия пішінді рельеф сурет қашалған.
Қылыш қынабы ағаштан жасалып, қара түспен боялған. Қынапта ешқандай белгі немесе ою жоқ.

Самурай қылышындағы жапонша жазу
Қылыш сабында жапонша иероглиф жазу бар – 束. Ол жазу tsuka, яғни сап (қылыштың сабы) дегенді білдіреді.
Самурай қылышының сабын katana (катана) немесе tsuka (тсука) деп атайды. Сондықтан жапон тіліндегі маркер қылыштың қай бөлігі екенін көрсету үшін қойылған. Шынайы антиквариат қылыштарда мұндай жазу сирек кездеседі. Әдетте онда қару жасаушының есімі жазылады.
Мәсімов мұрасының шынайы бағасы
Sauda порталындағы мәліметте Мәсімовтен қалған жәдігер бағасы 2024 жылғы 26 желтоқсанда анықталғаны айтылған. Сол кезде мамандар қылышты 543 мың теңгеге бағалаған.
Әдетте тарихи құндылығы бар антиквариат қылыштар бағасы 1,5 мың доллардан басталып, 500 мың долларға дейін кете береді. Соған қарағанда, Мәсімовтен қалған мұраның айтарлықтай құны жоқ. Мәселен, Edo дәуірінің қылышы шамамен 10-20 мың доллар тұрады.
Экс-шенеуніктің қылышты қайдан алғаны әзірге белгісіз. Дегенмен самурай қылышының бұрынғы иесінің ықпалы да 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін түсіп қалғаны анық. 2023 жылғы сәуірде Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталған. Сот арнайы қызметтің бұрынғы басшысын мемлекетке опасыздық жасады деп таныған.
Естеріңізге сала кетейік, Мәсімовтің аукционға шығарылған зәулім сарайын да ешкім алмай, ақыры мемлекеттік мекемеге тапсырылған.