Жаңалықтар

Асаубаевтар отбасына тиесілі компания АҚШ-қа сирек кездесетін металл жеткізеді

АҚШ Қазақколлаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

АҚШ-тың сирек жер металдарын қайта өңдеумен айналысатын REAlloys компаниясы Қазақстандағы AltynGroup Qazaqstan компаниясымен ұзақ мерзімді әріптестік және стратегиялық инвестициялар жөнінде келісімдерге қол қойды.

Халықаралық дереккөздердің мәліметінше, тараптар Қазақстаннан АҚШ-қа сирек жер металдарын жеткізуге арналған 10 жылдық жоспарды бекіткен.

Келісім аясында REAlloys пен AltynGroup Қазақстандағы сирек кездесетін кен орындарын анықтау және игеру бағытында бірлесіп жұмыс істейді. Өндірілген шикізат өңделіп, тазартылғаннан кейін Солтүстік Америкадағы REAlloys кәсіпорындарына жөнелтіледі.

Жобаның негізгі шикізат көзі Қарағанды және Қостанай облыстарындағы «Көкбұлақ» кен орны болмақ.

Аумағы шамамен 127 мың шаршы шақырымды қамтитын бұл кен орнында 350 млн тоннадан астам темір рудасы бар. Сонымен қатар, байыту қалдықтарынан тербий мен диспрозий секілді жеңіл және ауыр сирек элементтер алынатын қосымша концентраттар қарастырылған.

Шикізат жеткізілімін қамтамасыз ету үшін AltynGroup REAlloys компаниясының АҚШ-тағы өндірістік қуатын кеңейтуге инвестиция салуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл қаржы сирек жер металдарын өңдеумен айналысатын, АҚШ-тағы жалғыз кәсіпорынның мүмкіндігін арттыруға бағытталады.

REAlloys бас директоры Леонард Стернхайм Қазақстанның сирек жер элементтері қоры әлемдегі ірі қорлардың бірі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, елдің Ресей мен Қытай арасындағы стратегиялық орналасуы АҚШ үшін мұндай әріптестікті маңызды етеді.

AltynGroup Qazaqstan – Қазақстандағы ірі тау-кен компанияларының бірі. Компания алтын, күміс және сирек металдар кендерін барлау және өндірумен айналысады.

Ол Ұлыбританияда тіркелген A Gold Plc компаниясына тиесілі және Асаубаевтар әулетінің бақылауында. Бұл отбасы 2011-2012 жылдары елдері ең бай бизнесмендердің қатарына енген. Компания активтерінің қатарында алтын қоры 3,47 млн унцияға жететін кен орны мен Шығыс Қазақстандағы Терең-Сай учаскесі бар.