Жаңалықтар

«Париж бен Милан кварталы»: байлардан қайтқан пәтерлер қаншаға сатылып жатыр

Байлардан қайтқан пәтерлер сатылымға шықты / Фото: sauda.e-qazyna.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» қазақ олигархтары мемлекетке қайтарған қымбат дүние-мүлікті сатылымға шығарды. Олардың қатарында элиталы пәтерлер, бірнеше көлік тұрағы мен коммерциялық ғимарат бар.

Жалпы үш пәтер мен 3 тұрақ, 1 тұрғын емес үй жай аукционда сатылмақ. Сауда-саттық 18-20 ақпанда, бағаны көтеру тәсілімен өтеді.

«Париж кварталындағы» қымбат пәтер

Астананың «Париж кварталындағы» екі деңгейлі қымбат үйді активтерді басқару компаниясы кемі 363,2 млн теңгеге (қосылған құн салығынсыз) сатуға ниетті. Аукционға қатысқысы келгендер 54 млн теңге кепіл жарнасын төлеуі шарт.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Жалпы ауданы 309,5 шаршы метр болатын бес бөлмелі пәтер сән-салтанаты асқан 6 қабатты үйдің 3-4 қабатында орналасқан.

2012 жылғы «бизнес» санатындағы пәтердің жағдайына бағалаушылар жақсы деген баға берген. Ас бөлмесінің ауданы 18 шаршы мертден асады, пәтерде 6 санитарлы торап бар.

Бағалау құжатында мұндай пәтерлер нарықта 380 млн теңгеге бағаланатыны жазылған.

Сондай-ақ осы кешендегі жалпы ауданы 93,6 шаршы метрді құрайтын тағы бір пәтер сатылады. Оның бастапқы бағасы 112,9 млн теңгеден басталады.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Green Village кешеніндегі пәтер

«Green Village» тұрғын үй кешеніндегі №2 пәтер де электронды саудаға шығарылады. Оның жалпы ауданы 231,8 шаршы метрді құрайды, ал бастапқы бағасы 214 млн теңге болып белгіленген.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Үш автотұрақ сатылымыға шықты

Одан бөлек «Париж кварталы» тұрғын үй кешеніндегі үш автотұрақ саудаға шығарылады. Атап айтқанда, жалпы ауданы 18,8 шаршы метрді құрайтын №1 автотұрақтың бастапқы бағасы 5,3 теңге болып белгіленген.

№14 тұрақтың ауданы 14,1 шаршы метр, бастапқы бағасы 4 млн теңге болса, ауданы 13,3 шаршы метрді құрайтын үшінші тұрақтың бастапқы бағасы 3,8 млн теңге деп белгіленген.

«Милан кварталындағы» коммерциялық мүлік

Елордада Алматы ауданының Амман көшесі, 2-үй мекенжайында орналасқан «Милан кварталы» тұрғын үй кешеніндегі тұрғын емес үй-жай да саудаға шығарылады.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы оның бастапқы құнын 355,7 млн теңгеге бағалаған.

Жалпы аумағы 400 шаршы метрден асатын нысан негізінене кеңсеге арналған. Бұл нысанның саудасы 19 ақпанға белгіленген.

Сонымен қатар, Қайрат Сатыбалды қайтарған Kaisar Plaza ғимараты 61,5 млрд теңгеге сатылады.