
8 ақпанда сағат 10:23-те Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылында лай көшкіні болды. Ылғал топырақ екі үйдің ауласын опырып, бір автокөлікті басып қалды. Бұл туралы Kursiv.Media аудан әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Тау бөктерінен келген қауіп
Бесағаш ауылындағы «Бурабай» коттедж қалашығы тұрғындарының мазасы қашты. Жексенбі күні таңертең тау беткейінен көшкен лай жергілікті халықты тағы да әбігерге түсірді. Бірнеше күн жауған қар бүгін жібіп, топырақ шамадан тыс ылғалданған.
«Оқыс оқиға салдарынан Баянауыл көшесіндегі №8 және №24а жеке тұрғын үйлердің аумағына топырақ түскен. Жер массасы бетоннан салынған тіреу қабырғадан асып өткен», – деп таратты Талғар әкімдігі.
Лай «HAVAL JOLION» маркалы жеңіл автокөлікті басып қалған. Бұған қоса, шаруашылық құрылысының қабырғалары бүлінген.
Шамамен 465 текше метр топырақ жылжыған. Ал бір үйдің аумағына шамамен 5 текше метр топырақ түскен, бірақ айтарлықтай зақымданбаған.
Апаттан ешкім зардап шеккен жоқ.
Жылда көктемде қайталанады
Әкімдік осы аумақтағы тұрғын үйлер бұрын тау беткейін өз бетінше кесу арқылы салынғанын ескертті. Беткейдің жоғары бөлігіндегі көшелерге кәріз желілерін тарту жобасы әзірленген.
«Алдағы бюджеттік комиссия отырысында құрылыс-монтаж жұмыстарын қаржыландыру және беткейді нығайту үшін сала мамандарын тарту мәселесі қарастырылмақ», – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Қазір аумақты топырақтан тазалау және қалпына келтіру жұмыстары атқарылып жатыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Бесағаштағы дәл осы ауданда жылда лай көшеді. 2025 жылғы көктемде тау беткейінен көшкен топырақ Баянауыл көшесіндегі бір үйді қора-қопсысымен бірге сыпырып әкеткен.