
Алатау қаласында 50 мың көрерменге арналған футбол стадионының құрылысын салудан облыс билігі бас тартты.
Kazinform ақпаратына қарағанда, 2023 жылы Алатау қаласының макетінде үлкен жабық футбол стадионының жобасы көрсетілген еді. Ал 2024 жылы Алатау қаласын дамыту шебер-жоспарын таныстырған кезде GOLDEN District аумағында (агломерацияның төрт ауданының бірі) 50 мың көрерменге арналған стадион салу ұсынысы ресми түрде жария етілді.
Алайда 2026 жылға қарай Алатау қаласын дамыту жоспары қайта қаралып, енді ауқымды стадион салынбайтыны белгілі болды.
Билік 50 мың орындық футбол стадионы жобасынан толықтай бас тартқанын ресми түрде хабарлады.
Алатау қаласында футбол стадионын салу жоспары Алматыда 45 мың орындық жаңа стадион салу туралы шешім қабылданғанға дейін жарияланған болатын.
Айта кететін жайт, Қызылордада 20 млрд теңгеге салынған стадион УЕФА лицензиясынан өтпеген еді.