Жаңалықтар

БАӘ-де 4 апартамент, Астанада 6 үй: «Актив Ломбард» иесінің мүлкіне тыйым салынды

Күдікті қамауға алынды/фото: Делия Айдаралиева

«Актив Ломбард» желісінің иесі С. Койнов қамауға алынды. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Койнов комиссиялық қызметті пайдаланып, жеке тұлғаларға жасырын түрде микрокредит берудің заңсыз схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

Тергеу аяқталды

Іс материалдарына сәйкес Койнов басқа адамдардың атынан «One Billion Sales», «The Best Seller» және «Shark in Sales» компанияларын құрған. Бәрі «Актив Маркет» болып жұмыс істеп, іс жүзінде мүлікті кепілге алып, жоғары пайыздық мөлшерлемемен микрокредит берумен айналысқан.

Клиенттермен жасалған комиссиялық шарттар формалды және жалған сипатта болған. Сыйақы мөлшерлемесінің орташа деңгейі тәулігіне 1,73%-дан 2,07%-ға дейін жетіп, белгіленген нормадан (0,3%) 5 есеге жоғары болған. Жалпы 1,9 миллионнан астам шарт жасалып, қылмыстық кіріс көлемі 19 млрд теңгеден асқан.  

Ол шоттар арасында ақшаны бірнеше рет аудару арқылы кейіннен дивиденд түрінде 5 млрд теңгеден астам қаражатты шығарған.

Апартамент және автокөлік

Сот санкциясымен жалпы құны 8,9 млрд теңгенің жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне, жарғылық капиталдағы үлестерге және зергерлік бұйымдарға тыйым салынды.

«Тыйым салынған мүлік қатарында елордадағы 4 пәтер және 2 тұрғын үй, БАӘ-дегі 4 апартамент, 6 автокөлік бар. Ішінде Lexus LX 600, Rolls Royce Cullinan, Mercedes-Benz G63, Bentley Bentayga V8, Land Rover Range Rover Sport автокөлігі бар. Сондай-ақ депозиттік шоттардағы 2,7 млрд теңге қаражатқа тыйым салынды», – делінген ақпаратта.

Койнов қамауға алынды. Оның төрт сыбайласына елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде «Актив Ломбард» желісіне тиесілі «Актив Маркет» дүкендерінің жұмысы тоқтатылды. 200-ге жуық филиалы бар ұйымның комиссиялық дүкендер ретінде жұмыс істеп, заңсыз несие бергені айтылды.

Бұған дейін «Asar Baspana» қаржылық пирамидасының қызметіне қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.