
Қазақстанның сұранысы бойынша халықаралық іздеуде жүрген Түркия азаматы Черногориядан экстрадицияланды. Операцияны Қазақстан елшілігінің қолдауымен ҚР ІІМ Бас прокуратурасы мен Интерпол жүргізді.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың маусымына дейін ер адам құрылыс компаниясының басшысы ретінде жалған шарт жасасып, қаражатты өзімен байланысты ұйымдарға аударған.
«Тергеу барысында аталған жеке тұлға құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, 2022-2024 жылдар аралығында жалған келісімшарттар жасап және үлестес ұйымдар арқылы Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің құрылысына арналған 6 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырғаны анықталды. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың наурыз айындада ол Черногорияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.», – делінген хабарламада.
Ұсталған адамға мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.
Ресми баспасөз релизінде түрік кәсіпкерінің аты-жөні ашылмаған. Алайда Алматы прокуратурасы Kazinform агенттігіне әңгіме NEF Qazaqstan басқарушы серіктесі Тарык Волкан Оскай туралы екенін растаған.
NEF Qazaqstan компаниясы Түркиялық NEF құрылыс холдингінің құрамына кіреді.
2023 жылдың күзінде NEF Qazaqstan компаниясы Astana International Exchange (AIX) алаңында дефортқа ұшыраған. Компания 4 млрд теңге көлеміндегі негізгі қарыз бен 402 млн теңгеден астам купондық төлемді өтей алмаған.
Бұған дейін бұл қаржы Алматы қаласында салынып жатқан Green Center тұрғын үй кешеніне жұмсалғаны айтылды. Қарызды өтемеу себебін компания сатып алушылардың дебиторлық қарыздарына байланысты туындаған қаржылық қиындықпен байланыстырған.
Бұған қоса, Тарык Оскай қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевпен бірге Comfort Hotel Astana қонақүйінің иесі болған. Қаңтар оқиғаларынан кейін бұл нысан мемлекет меншігіне өткен. 2024 жылы қонақүй шетелдік инвесторларға сатылған. Nөрт жұлдызды қонақүйді енді Invesco PowerShares Capital Management басқарады.