Жаңалықтар

Кәсіпкерден 20 млн теңге бопсалаған күдікті ұсталды

Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр / фото: shutterstock
Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр / фото: shutterstock

Шымкентте полиция қызметкерлері жергілікті кәсіпкерден ірі көлемде ақша бопсалау фактісінің жолын кесті.

Polisia.kz ақпаратына қарағанда, тергеу барысында күдікті қоғамдық тамақтану орнына бірнеше рет келіп, нысанды бейнежазбаға түсіріп, кейін иесіне қысым көрсеткені белгілі болды.

Күдікті түрлі уәкілетті органдар тарапынан «тексеру ұйымдастырып», бизнесін жаптырамын деп қорқытқан. Осылайша күдікті кәсіпкерден 20 миллион теңге талап еткен.

Жедел іс-шаралар барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

«Ешбір тұлға тексеру жүргіземін деп немесе ақпарат таратамын деп қорқытып, ақша талап етуге құқылы емес. Мұндай жағдайға тап болсаңыз, дереу полицияға жүгіну қажет», – деп, полиция азаматтарға ескерту жасады.

Айта кететін жайт, Маңғыстауда полиция бұрынғы сүйіктісінің мазасын алған жігіттерге қылмыстық іс қозғады.