
Қазір Астанадағы LRT жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Жоспар бойынша биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп хабарлайды қалалық әкімдіктен.
Әкімдік дерегінше, LRT желісінің жалпы ұзындығы – 22,4 шақырым, ол 18 станцияны қамтиды. Бағыт қаланың негізгі көшелері мен аудандары арқылы өтеді.
«Маршрут халықаралық әуежайдан басталып, Қабанбай батыр даңғылымен өтіп, «Астана жұлдызы» айналма жолын, Назарбаев Университеті мен Ботаникалық бақты қамтиды. Одан әрі желі Сығанақ көшесіне бұрылып, «Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешенінің, Министрліктер үйінің жанынан өтеді, Арыс көпірі мен Қалдаяқов көшесін кесіп өтіп, Ұлттық музей маңымен жүреді. Соңғы аялдама – «Нұрлы жол» вокзалы», – деп хабарлады Астана қаласы әкімдігі.
Одан бөлек LRT жобасының екінші кезеңіне арналған техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленбекші. Қазір Шыңғыс Айтматов көшесі бойында топырақтың құрамы мен қасиеттерін анықтау үшін инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Былтыр жыл соңында сынақ мерзімі екі айда бітуі керек деп хабарлаған. Жалпы жеңіл рельс көлік жүйесінің құрылысына барлығы 332,4 млрд теңге жұмсалды.