
Қонаев қаласында боран болып, тұрғын үйлердің шатырын ұшырып әкетті. Қала әкімдігінің хабарлауынша, коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Боран 8 ақпаннан 9-на қараған түні болған.
«Инженерлік желілерде ақау шығып, тұрғын үйлердің шатыры ұшып, жеңіл конструкцияларға зақым келді. Түнде құлаған ағаштар мен жеңіл конструкциялардан тазарту жұмыстары жүргізілді, бұл қызмет әлі де жалғасып жатыр», – деп хабарлады әкімдік.
Сондай-ақ бірқатар шағын ауданда жарық өшкен, ол да қалпына келтіріліп жатыр.
Ал 1-11-сынып оқушылары түгел қашықтан оқуға көшірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Алайда қала әкімі Асхат Бердіханов зардап шеккендер болса заң аясында көмек көрсетілетінін айтты.
«Тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Үй шатырларына жақын жүрмеңіздер», – деп ескертті әкімдік.
Қазгидрометтің мәліметінше, боран 9 ақпан түске дейін жалғасады.
Бұған дейін Жамбыл облысы Сарысу ауданында ауа райына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Қатты жел салдарынан Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйдің шатыры ұшып, электр желісі үзілген.