
Атырау облысы Құлсары қаласында мектеп оқушысы басқа балаларға балта ала жүгірген оқиғадан кейін тиісті шара қабылданды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова аталған мектептің директоры қызметінен босатылғанын мәлімдеді.
«Мен Атырау облысының білім басқармасына хабарластым. Білім басқармасы сол мектептің директоры қызметінен босатылғанын хабарлады», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, мектепте болып жатқан осы жайтқа құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан баға берілуі тиіс. Осыған байланысты Сүлейменова Атырау облысындағы мектептерді тексеру үшін Астанадан арнайы комиссия баратынын мәлімдеді.
«Комиссия зерделеу жұмыстарын жүргізеді, қорытынды шығарылады, ең бастысы бұл проблеманы шешудің жолдары талқыланады», – дейді ол.
Еске сала кетейік, 5 ақпан күні Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы мектепте қатарластарымен жанжалдасып, оларға балта ала жүгірген. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған. Артынша 15 жастағы күдікті қамауға алынды. Бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.