
Қазақстанда күн сайын балаларға қатысты 5 қылмыс фактісі тіркеледі. Бұл қылмыстардың 60-70%-ы өз ата-аналары немесе бірге тұратын адамдар тарапынан жасалады. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева «24KZ» телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтып берді.
Омбудсменнің айтуынша, отбасылық ортада жасалатын қылмыстарды анықтау және алдын алу ең қиын мәселелердің бірі болып отыр. Соған қарамастан, заңнаманың қатаңдатылуы мен алдын алу шаралары өз нәтижесін беріп жатыр.
Қанша ата-ана жауапкершілікке тартылды
Алдын алу жұмыстарының аясында былтыр елде 29 мың ата-ана жауапкершілікке тартылған. 1126 ата-ана құқығынан айырылып, 661-інің ата-ана болу құқықтары шектелген. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде балаларға қарсы жасалатын аса ауыр және ауыр қылмыстардың саны азайған. Мысалы, 99-бап бойынша 10%-ға, 106-баптың 3-бөлімі бойынша қылмыстардың саны 54%-ға азайды.
Балалар қылмысы өсіп көбейіп барады
Статистиканың екінші жағы да бар. Өткен жылы Қазақстанда балалар арасындағы қылмыстардың саны 30%-ға өскен.
«Олардың 70%-ы қаржы мәселелеріне қатысты, 20%-ы жеке тұлғаға қатысты жасалған қылмыстар. Осы қылмыстар буллингтен басталады. Буллингтің алдын алу үшін мектептерде «ДосболLIKE», «Адал азамат» бағдарламалары енгізілді», – деді Динара Закиева.
Жасырын қылмыстар
2025 жылы Қазақстанда бала құқығын бұзуға қатысты 171 дерек тіркелді. «111» сенім телефонына 124 600 қоңырау түсті. Былтыр ЮНИСЕФ ұйымы жүргізген сараптамалық зерттеуде елімізде бала құқығы ресми деректе көрсетілгеннен әлдеқайда жиі бұзылатыны анықталды.
Еске салсақ, осыған дейін Жаркент қаласында баласын батареяға байлап қойып ұрған әйел ата-ана құқығынан айрылып жатса, әке екі баласына қайта қосылу үшін шұғыл түрде баспана іздеп жүр, комиссия оған жарты ай уақыт берген.