
Жамбыл облысында 36 жастағы әйел бесінші қабаттан екі баласын лақтырып жіберді. Қайғылы оқиға Төле Би даңғылындағы жатақханалардың бірінде болған.
Анықталғандай, әйел 2021 жылы туған қызы мен 2023 жылғы ұлын терезеден лақтырып жіберген. Абырой болғанда екі бала да аман қалды. Олар Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына шұғыл жеткізілді. Қазіргі уақытта балалар интенсивті терапия бөлімшесінде жатыр.
Балалардың қазіргі жағдайы
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2021 жылы туған бала жабық бас ми жарақатын алған, миы қатты ісінген, жамбас сүйегі сынып, сүйек бөлшектерінің орны ауысып кеткен. Балаға ісінуді азайтатын ем тағайындалған. Ведомство ертең жамбас бөлігіне ота жасалатынын мәлімдеді.
2023 жылы туған бала да жабық бас ми жарақатын алып, миың қатты ісінген.
Күдікті уақытша қамалды
Полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екі кәмелетке толмаған бала ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Жан-жақты және объективті тергеп-тексеру нәтижесі бойынша ҚР заңнамасының талаптарына сай процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, басқа мәліметтер жариялауға жатпайды», – деп хабарлады Тараз қаласы ПД баспасөз қызметі.
Осыған дейін Жетісу облысы Жаркент қаласында баласын батареяға байлап, аяусыз тепкілеп, ұрған, таяқтаған ананың әрекеті қоғам наразылығын тудырған еді. Желіні шулатқан видеода, шамамен 3-4 жастағы бала шағын пәтерді жылытатын темірге қара жіппен байланған. 30-35 жастағы әйел ешқайда қаша алмайтын, қарсылық көрсетуге шамасы жоқ баланы бірнеше минут бойы ұрып балағаттаған.