
Түркістан облысында үшем өмірге келді. 2400, 2230 және 2060 грамм болып туған сәбилердің денсаулығы жақсы, перзентханадан шығарылды деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Үшем үшінші ақпанда облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген. Анасы оларды жүктіліктің отыз үшінші аптасында босанды.
Жаңа туған шақалақтар алғашқы тәулікте өкпені жасанды желдету аппаратында жатты, екінші күні өздігінен демала бастады.
«Балалардың жағдайы қалыпты. Анасы емізеді, жақсы салмақ жинап келе жатыр. Біразға дейін медициналық бақылауда болады», – дейді денсаулық сақтау басқармасынан.
Үш сәбиді Зере, Дара және Сара деп атаған. Оған дейін отбасында үш ұл, екі қыз бар еді, енді сегіз бала тәрбиелейді.
Осыған дейін Алматыда үшем туғанын жазған едік. 39 жастағы әйел екі ұл және бір қыз босанды.