
Ақтауда дәмханада болған жағдайдан кейін екі бірдей қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін желіде жас қызды бірнеше ер адамның ортаға алып соққаны, шашынан сүйрегені түсірілген видео тарады. Бастапқыда бір ер адамға қатысты іс қозғалған, содан кейін ол да қыздың үстінен арыз жазған.
Сот 2026 жылдың 9 ақпанында басталды.
Істің мән-жайы
Оқиғаның мән-жайын KursivMedia тілшісіне қыздың анасы Гаухар Салихова айтып берді. Сөзінше, бұл жағдай 2025 жылдың 31 желтоқсаны кешке болған. 25 жастағы Жансая Есенгелдиева «Лимонад» дәмханасына танысымен бірге барған.
«Қызым онлайн жұмыс істейді. Дәмханаға жұмыс бойынша кездесуге барған. Сол жерде қызметкерлер «Бұған дейін келгеніңізде диванға шай төгіп кеткенсіз, тазартуға 14 мың теңге жұмсадық» деп, сол ақшаны беруін талап еткен. Қызым сөзіне дәлел мен түбіртекті сұраған.
Артынша айғай басталатынын сезіп, киініп шыққалы жатқанда дәмхана қызметкері күзетшіні шақырған. «Телефонын, ноутбугін тартып ал, ақшаны төлеген соң қайтарамыз» деп айтқан. Күзетші қызымның телефонын тартып алған. Содан қызым эмоцияға беріліп, ер адамның барсеткасына жүгірген», – дейді Гаухар.
Іс қайта тергеуге жіберілді
Қызды ұрып-соқты деген айыппен ер адамға қатысты қылмыстық іс 109-бап бойынша сотқа түскен. Қыздың әрекетіне де дәл осындай баға беріліп, екінші істе бойжеткен «айыпталушы» болып отыр.
9 ақпан таңертең қыздың үстінен қозғалған іс сотта қаралуға тиіс еді, алайда сот отырысы кейінге қалды. Ал қызды ұрып-соқты деп айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс соттың шешімімен қосымша тергеп-тексеруге жіберілген.
Қыздың анасы бір ер адамға ғана іс қозғалғанына наразы. Ол мұндай әрекетті топ болып жасаған деп санайды.
«Бұл жерде ұрып-соғу ғана емес, адамдар тобы болып күш қолдану арқылы жасалған өзінше әрекет ету белгілері бар деп санаймын. Әрекет қоғамдық орында жасалған, сол себепті «бұзақылық» бабын, телефонын тартып алғаны үшін «тонау» бабын қосу қажет», – дейді қыздың анасы.
Гаухар Салихова Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне осы өтінішін хат түрінде жолдаған.
«Қызыма айып тағып, айыпталушы етіп шығарды. Оған келіспейміз. Тағылған айыпты алып тастауын сұрап, Бас прокуратура мен министрлікке хат жолдадым», – дейді әйел.
Айта кетейік, KursivMedia екінші тараптың да іске қатысты ұстанымын жариялауға дайын.