Авто

Жаңартылған Geely Coolray Қазақстан нарығына келді. Бағасы қанша

Geely Coolray, джили кулрей казахстан
Фото: Orbis Auto баспасөз қызметі

Geely Coolray кроссоверінің жаңартылған нұсқасы Қазақстан нарығына келді. Жаңа модель төрт жинақта ұсынылады: Standard, Comfort, Flagship және Flagship Sport Pack. «Курсив Авто» брендтің ресми дистрибьюторынан рестайлингтен кейін нақты қандай өзгерістер болғанын біліп көрді.

Не өзгерді

Көліктің басты артықшылығы – қозғалтқышында. Жаңартылған Coolray моделі 174 ат күшіне ие, айналу сәті 290 Н·м болатын 1,5 литрлік турбиналы бензин қозғалтқышымен жабдықталған және 7 сатылы «ылғал» типтегі роботтандырылған беріліс қорабымен (7DCT) үйлесім тапқан. Барлық техникалық шешімдер шанақтың жоғары беріктігі мен мінсіз басқарылуын қамтамасыз ететін BMA модульдік платформасына негізделген. Көлік 100 км/сағ жылдамдыққа 7,6 секундта жетеді, ал орташа жанармай шығыны 100 шақырымға 6,5 литрді құрайды. Жол жағдайына бейімделу үшін Eco, Comfort, Sport және Smart сынды төрт түрлі жүргізу режимі қарастырылған.

Фото: Orbis Auto баспасөз қызметі

Сыртқы дизайны

Көліктің сыртқы келбеті де жаңарды. Модельдің алдыңғы бөлігі жаңартылып, жаңа радиатор торы мен жарықдиодты оптикаға ие болды. Артқы жағында тұтас LED-шамдар орнатылған. Сондай-ақ екі түсті шанақ бояуы, 18 дюймдік жеңіл қорытпадан жасалған дөңгелек дискілері және спорттық аэродинамикалық спойлер қарастырылған.

Фото: Orbis Auto баспасөз қызметі

Салон және сандық опциялар

Брендің ішкі салонына да айтарлық өзгеріс енгізілген. Интерьер заманауи цифрлық технологиялар мен қолайлылыққа басымдық бере отырып жасалған. Көлік жабдықтарына диагоналі 8,8 дюймдік цифрлық аспаптар панелі мен Android Auto функциясын қолдайтын Flyme Auto мультимедиялық жүйесі бар 14,6 дюймдік орталық сенсорлы дисплей кіреді. Жиынтықталуына қарай жүргізуші орындығының электр жетегі, алдыңғы және артқы орындықтарды жылыту, беріліс қорабының электронды селекторы мен панорамалық шатыр қолжетімді.

Фото: Orbis Auto баспасөз қызметі

Қауіпсіздік

Белсенді қауіпсіздік жүйелеріне ерекше көңіл бөлінген. Жаңартылған Geely Coolray жүргізушіге көмек көрсететін L2 деңгейіндегі ADAS ассистенттер кешенімен жабдықталған. Оның құрамына интеллектуалды круиз-бақылау, қозғалыс жолағында ұстау жүйесі, автоматты төтенше тежеу, көрінбейтін аймақтарды бақылау және автотұраққа көмектесетін ассистенттер кіреді. Маневр жасауды жеңілдету үшін 540° панорамалық айналмалы шолу жүйесі қарастырылған.

«Жаңартылған нұсқа тұтынушылардың қазіргі талап-тілектеріне толық сай келеді әрі автокөліктің негізгі артықшылықтарын – тиімділігін, үйлесімді техникалық сипаттамаларын және бәсекеге қабілетті бағасын сақтауға мүмкіндік береді», – деді G Motors Kazakhstan компаниясының директоры Регина Амерханова.

Фото: Orbis Auto баспасөз қызметі

Бағасы қанша

Кроссовер төрт жинақта ұсынылады, ал бағасы 9,7 млн теңгеден басталады.
Жаңартылған Geely Coolray Қазақстанның 17 қаласында орналасқан брендтің барлық 23 ресми дилерлік орталығында сатылымға шықты.

Осыған дейін Geely бренді Қазақстан нарығындағы жұмысын 2022 жылғы қазаннан 2026 жылғы қаңтарға дейінгі кезең бойынша қорытындылаған болатын. Осы уақытта ресми дистрибьютор G Motors Kazakhstan 21,5 мың автокөлік сатқан.