
Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік шығындарға қатысты талапты күшейтуді тапсырды. Әсіресе, үкімет пен әкімдерге бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін тоқтату қажеттігін мәлімдеді. Мұндай тәсіл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына және субъективті шешімдердің қабылдануына әкеліп отыр.
Президенттің айтуынша, фискалдық саясаттың тиімділігіне, ең алдымен, бюджетті ретке келтіріп, қаржы тәртібін қатаң сақтау арқылы қол жеткізуге болады.
Тиімсіз шығындары қысқарту керек…
Сондай-ақ Тоқаев мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін қолданыстағы барлық бюджет бағдарламаcын толық қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне нақты міндет жүктелді. Президент бұл жұмысты созбалаңға салмауды, қатаңдық пен табандылық танытуды талап етті.
«Бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийінен бас тартып, мемлекеттік инвестицияның тиімділігін басқаруды күшейткеніміз дұрыс. Үкімет пен әкімдер бюджеттің игерілмей қалуынан қауіптеніп, жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін доғаратын кез келді. Ең сорақысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі. Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек», – деп ескерту жасады Президент.
Президент мұндай әрекеттерге қатаң баға беріп, ендігі уақытта оларды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы іс-әрекет ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді.
Бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізу тапсырылды
Бұдан бөлек, Үкіметке 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіруді тапсырды. Бұл талап квазимемлекеттік секторға да қатысты болмақ.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік шығындардың ашықтығын арттыру үшін цифрлық теңгені кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда бұл тетік мемлекеттік сатып алуларда, субсидиялау барысында және Ұлттық қор қаражатын бөлу кезінде пайдаланылып келеді. Президент оның қолдану аясын басқа салаларға да кеңейтуді тапсырды.