
Канаданың Британиялық Колумбия провинциясындағы мектептердің бірінде атыс болып, 10 адам қайтыс болды. Шабуылдаушының өзі де тірі қалмады деп жазады Global News.
Оқиға орнына полицейлер келгенде сегіз адамның мәйіті шыққан, тағы біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Мектепке оқ атты деген күдіктінің денесі де сол маңайдан табылды. Ол өзіне қол жұмсады деген нұсқаны қарастырып жатыр. Қайтыс болғандардың ішінде қаншасы ересек, қаншасы бала екені де айтылмады.
Жалпы 27 адам зардап шеккен, екеуінің жағдайы ауыр.
Канадалық журналистердің дерегінше, оқ атқан адам әйел болуы мүмкін. Бірақ полиция әлі оны растамады. Шабуылдаушының не себеппен мұндай әрекетке барғаны да белгісіз.
Тамблер-Ридж деп аталатын бұл мектепте жетінші сыныптан он екінші сыныпқа дейінгі балалар оқиды. Барлығы 170 оқушы бар. Қазір мектеп жұмысын тоқтатып, апта соңына дейін жабылды.
Ақпанда көрші Ресейде де осыған ұқсас жағдай болды. Уфада травматикалық тапаншамен қаруланған 9-сынып оқушысы мектепке шабуыл жасап, мұғалімін атты. Бірақ құрбандар жоқ.