Жаңалықтар

Полицейге пара бермек болған қостанайлық мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетілді

Пара ұсынғаны үшін 112 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді / фото: KursivMedia мұрағаты
Пара ұсынғаны үшін 112 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді / фото: KursivMedia мұрағаты

Қостанай тұрғыны полиция қызметкеріне пара бермек болғаны үшін мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды.

НГ ақпаратына қарағанда, Қостанай қаласының №2 сотында лауазымды тұлғаға пара беруге оқталу фактісі бойынша (ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 367-бабы 1-бөлігі) Д.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

2026 жылғы қаңтар айында ер адамды бағдаршамның сары белгісіне өтіп кеткені үшін патрульдік полиция тоқтатқан. Құжаттарын тексергеннен кейін инспекторлар Д.-дан әкімшілік хаттама толтыру үшін қызметтік көлікке өтуді сұраған.

Полиция көлігінде отырған қостанайлық қызметкер Т.-ға өзін жауапкершілікке тартпау үшін бірнеше рет 10 000 теңге ұсынған. Алайда инспектор пара алудан бас тартып, Д.-ның заңсыз әрекеті туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған.

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы сотталушы Д.-ға ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 1 жыл 10 ай 15 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді.

«ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігінің санкциясы параның 30 еселенген мөлшеріне дейін айыппұл салуды не 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды көздейді», – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Жаза тағайындау кезінде сотталушының шын жүректен өкінуін және кінәсін толық мойындауын ескеріп, сот Д.-ға 112 500 теңге мөлшерінде айыппұл салып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасын тағайындаған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кететін жайт, ҰҚК дерегінше жыл басынан бері 126 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Олардың 110-ы сыбайлас жемқорлыққа байланысты.