
Мәжілісте газбен жабдықтау және газды үнемді пайдалану мәселелері бойынша заң жобасы қаралып жатыр. Құжатты депутаттар алдында мәжілісмен Еділ Жаңбыршин қорғады.
Депутаттың айтуынша, біріншіден, тауарлық газ – шектеулі әрі стратегиялық ресурс, оны тиімсіз пайдалану болашақта энергетикалық және экономикалық тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда елімізде газдың ресурстық базасы шамамен 3,8 трлн текше метрді құрайды, ал жылдық өндіру көлемі 60 млрд текше метрдің айналасында. Екіншіден, газ көмірге қарағанда экологиялық тұрғыдан анағұрлым таза энергия көзі ретінде климаттық күн тәртібіндегі міндеттерді орындауда маңызды рөл атқарады.
Заң жобасы үш ірі жүйелік блокты қамтиды. Біріншісі – газбен жабдықтау саласындағы құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіру. Екіншісі – тауарлық газды үнемді әрі жауапты тұтыну қағидаттарын енгізу. Үшіншісі – сұйытылған мұнай газы нарығын реттеу мәселелерін жүйелеу.
«Жыл сайын елді мекендерді газдандыруға елеулі көлемде бюджет қаражаты бөлінеді. Алайда салынған нысандардың бір бөлігі уақытылы пайдалануға берілмей отыр. Негізгі себептер – жобалық шешімдердегі кемшіліктер мен құрылыс-монтаж жұмыстарының олқылықтары. Олар көбінесе нысанды қабылдау сатысында ғана анықталады. Сондай-ақ газбен жабдықтау объектілерін беру рәсімінің шамадан тыс созылуы. Бүгінгі таңда объектіні беру бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылады. Соның салдарынан салынған көптеген объектілер жергілікті атқарушы органдардың балансында қалып, тиісті техникалық қызмет көрсетілмей отыр. Ең қиыны тұрғындар дер кезінде көгілдір отынды пайдалана алмауда», – дейді ол.
Осы мәселені шешу үшін бюджет есебінен салынатын нысандардың жобалау тапсырмасын жобалау-сметалық құжаттама әзірленбей тұрып QazaqGaz-бен міндетті түрде келісу ұсынылды. Сонымен қатар Жаңбыршин құрылыс кезінде техникалық мониторинг жүргізіп, электр желілеріндегідей нысандарды жергілікті атқарушы органдардан тікелей QazaqGaz балансына беру арқылы тапсыру рәсімін жеңілдетуді ұсынды.
Сонымен қатар, делдалдардың пайда болуы да өзекті мәселе болып отыр. Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, тәжірибеде бір газ құбырында екі газ тарату компаниясының қатар жұмыс істеуі орын алған. Бұл «қос тарифтің» қолданылуына әкеледі.
«Осындай тиімсіз делдалдарды болдырмау мақсатында газ тарату компанияларының магистральдық газ құбырына міндетті түрде тікелей қосылуын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады. Жеке инвесторларға қатысты мәселе де өзекті болып отыр. Олар газдандырылмаған көшелер мен тұрғын алаптарға газ құбырларын салады, алайда өз шығындарын өтегеннен кейін пайдалану шығындарын көтергісі келмей, желілерді иесіз күйде қалдырады», – дейді ол.
Заң жобасы қазір Мәжілісте талқыланып жатыр.