Жаңалықтар

Тоқаев таяу арада референдум өткізу туралы жарлыққа қол қояды

Жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы әзірленді/фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев таяу арада референдум өткізу туралы жарлыққа қол қояды. Президент мұны Конституциялық комиссия мүшелерін қабылдаған кезде айтқан.

Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімова осыған дейін өткен 12 отырыс нәтижесінде жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы әзірленгенін баяндады. Сондай-ақ Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынатынын жеткізді.

Президенттің пікірінше, жаңа Конституция ережелері мемлекеттің институционалдық негізін трансформациялау үдерісі толығымен аяқталып, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшетінін көрсетеді.

«Президент маңызды жұмысты кәсіби тұрғыда атқарған Конституциялық комиссия мүшелеріне ризашылығын білдірді. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы жобаны әзірлеу мен талқылауға мыңдаған азаматтың белсене атсалысқанына тоқталып, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келетінін және жаңа Конституцияның шынайы халықтық сипатын көрсететінін атап өтті», – деп хабарлады Ақорда.

Кездесуде Тоқаев таяу арада жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова Ата заң жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсынды.