
Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) 51-ші Конгресін 2027 жылғы 4 наурызда Қазақстан елордасы – Астанада өткізу туралы ресми түрде жариялады.
Бұл шешім Брюссель қаласында өткен УЕФА-ның мерейтойлы 50-ші Конгресі барысында хабарланды. Аталған жиынға Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Давид Лория қатысты.
УЕФА Конгресі – ұйымның ең жоғары басқарушы органы. Жыл сайын өтетін Конгреске УЕФА-ға мүше 55 ұлттық футбол қауымдастығының өкілдері қатысады. Іс-шара аясында Еуропадағы футболдың стратегиялық даму бағыттары айқындалып, қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер бекітіледі, халықаралық жарыстарды өткізуге қатысты шешімдер қабылданады, сондай-ақ УЕФА-ның басшы органдары сайланады.
Айта кетейік, 51-ші Конгресс сайлау форматында өтеді. Астанада УЕФА президенті мен Атқарушы комитет мүшелері сайланатын болады. Осылайша, Қазақстанда алдағы жылдары еуропалық футболдың даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданады.
Конгресті өткізу құқығы УЕФА-ға мүше елдерге көрсетілген сенім мен олардың футболды дамытуға қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде беріледі. Астанада өтетін 51-ші Конгресс Қазақстанда бұрын-соңды ұйымдастырылған ең ірі халықаралық футбол жиындарының бірі болмақ. Бұл еліміздің еуропалық футбол қауымдастығындағы беделін нығайтып, спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, УЕФА Конгресінің Қазақстанда өтуі – отандық футбол үшін маңызды кезең әрі Еуропа футбол қауымдастығы тарапынан көрсетілген жоғары деңгейдегі сенімнің айқын көрінісі.
Айта кету керек, Конгресті ұйымдастыру және өткізу жұмыстары толықтай УЕФА қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Осыған байланысты мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді.