Жаңалықтар

Баға бойынша сөз байласты деген билік сотта Tele2/Altel-ден жеңілді

фото: коллаж Kursiv Media

Бәсекелестікті қорғау және дамыту бойынша агенттік «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясына қатысты тергеуді тоқтатты. Ведомство компанияға тиесілі Tele2/Altel брендтерін баға бойынша сөз байласып алды деп айыптаған, бірақ сотта жеңілді. Бұл туралы агенттіктің Алматы қаласындағы департамент директоры Нұржан Нұрланұлы айтты.

Оның сөзінше, тексеріс екі жыл бұрын қазақстандықтардың шағымынан кейін басталған.

Алайда компаниялар құқықтық қарсы шабуылға көшіп, антимонополиялық органның әрекеттеріне қарсы шағым түсірді. Сот ұялы байланыс операторларының жағына шықты, енді ведомство бұл шешімге бағынуға міндетті.

«Біз департамент ретінде 2024 жылы түскен көптеген шағымдар негізінде MTS пен Kcell компанияларына қатысты келісілген әрекеттер бойынша тергеу бастаған едік. Тергеу барысында бұл ұялы байланыс операторлары біздің әрекеттерімізге шағым түсірді. Өкінішке қарай, бұл істе сотта ұтылып қалдық», – деп түсіндірді Нұржан Нұрланұлы.

Енді операторларды тексеру қиындайды

Сот шешімі орындалуы міндетті, сондықтан ведомство ары қарай тексеріс жүргізе алмайды.

«Сот шешіміне біз пікір білдіре алмаймыз. Бірақ соған қарамастан оның шешімі міндетті және орындауға жатады. Сондықтан бұл тергеулерді тоқтаттық», – деп қосты спикер.

Соттағы жеңіліске қарамастан, реттеуші орган байланыс нарығын бақылаусыз қалдырмақ емес. Ведомство операторлардың барлық әрекеттерін тіркеп, ақпарат жинауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

«Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын былтыр қаңтарда «Қазақтелекомнан» катарлық Power International Holding компаниясы сатып алған. Мәміле 1,1 млрд доллар деп бағаланды. Kcell «Қазақтелеком» компаниясына тиесілі (51%), оны «Самұрық-Қазына» қоры арқылы үкімет бақылайды.

Былтыр екі бренд те тарифтерін тағы 20%-ға дейін көтеретінін хабарлаған. Бұл өзгерісті  электр энергиясы мен импорттық жабдықтардың қымбаттауы және ҚҚС көтерілуімен түсіндірген.