
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банк тобының өкілдерімен Қазақстанмен серіктестіктің 2026-2031 жылдарға арналған жаңа негіздемелік стратегиясын дайындау мәселелері бойынша кездесу өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесудt вице-премьер ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын атап өтіп, 2031 жылға дейінгі өзара іс-қимыл бағытын айқындайтын құжатты дайындағаны үшін ризашылығын білдірді.
«Біз Дүниежүзілік банкпен серіктестікті жоғары бағалаймыз. Ұсынылған стратегия сараптама, қаржыландыру және бірлескен бастамалар арқылы реформаларымызды қолдау үшін негіз болады», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Стратегия жобасында көрсетілген басымдықтардың қатарына Көлік және цифрлық байланысты дамыту, Климаттық күн тәртібін іске асыру, Су және энергетика секторларында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, Қаржы нарығын дамыту, Жеке инвестицияларды ынталандыру және Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту жатады. Аталған бағыттар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі құжаттарына сәйкес келетіні атап өтілді.
Дүниежүзілік банк алты жыл ішінде жыл сайын 1 млрд долларға дейін қаржыландыруды қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді. Вице-премьердің айтуынша, бұл жеке секторды нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосымша мүмкіндіктер туғызады. Реформаларды талдамалық сүйемелдеу Үкімет пен Дүниежүзілік банктің бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы шеңберінде жалғасады.
Кездесуге қатысушылар 2020-2025 жылдарға арналған алдыңғы стратегияны іске асыру қорытындысын шығарды. Осы кезеңде жалпы сомасы 4,2 млрд долларды құрайтын 14 жоба іске асырылды, оның ішінде — «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін дамыту, «Алматы – Қорғас» автожолын қайта жаңарту, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңғырту.
Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев өткен кезең пандемияны қоса алғанда, сыртқы сын-қатерлермен қатар жүргенін, алайда бірлескен жұмыс жоспарланған бастамаларды іске асыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Оның айтуынша, «Шығыс-Батыс» және «Оңтүстік-Батыс» жобалары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің дамуын қамтамасыз етіп, 5 миллионнан астам адамның байланысын жақсартты. Жол жүру уақыты үштен екіге қысқарды, қозғалыс жылдамдығы үш есе өсті, көлік шығындары 35%-ға төмендеді. 1,2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды, ал тұрғындардың 93%-ы өмір сүру сапасының жақсарғанын атап өтті.
Шағын және орта бизнесті қолдау аясында мыңнан астам кәсіпорын гранттық және консультациялық көмек алды. Бұл ретте 175 стартап 41 млн-ға сатуды қамтамасыз етіп, 16 млн доллар инвестиция тартты.
Ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жобасы су пайдаланудың тиімділігін 92 мың гектарға арттырып, 60 мың фермерді қоса алғанда, 94 мың су пайдаланушының жағдайын жақсартты. 763 км канал жаңартылды, бұл өнімділіктің өсуіне және жұмыс орындарының құрылуына ықпал етті. Сондай-ақ, аграрлық секторда субсидиялау жүйесін реформалауға талдамалық қолдау көрсетілді.
Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) өкілдері мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын консультациялық қолдауды және жеке инвесторларды несиелеу мен тартуды қоса алғанда, инвестициялық қызметті жалғастыруға ниет білдіргенін хабарлады. Мысал ретінде ҚТЖ қатысуымен Алматы айналма теміржолын қаржыландыру жобасы келтірілген.
Бұдан арғы басымдықтардың қатарында темір жол инфрақұрылымын жаңғырту, қаржы институттары арқылы шағын және шағын бизнесті қолдау, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен астықты терең өңдеу жобаларын жеткізуді қаржыландыруды қоса алғанда, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту көрсетілген.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсыныстарды ескере отырып, жаңа стратегия жобасын пысықтауға және құжатты Дүниежүзілік Банктің директорлар кеңесінің қарауына ұсынуға келісті.