Жаңалықтар

Тұрғын үй жинақ жүйесі: коммерциялық банктер «Отбасы банкпен» иық тіресе ала ма

Жинақ жүйесіне бірнеше банк қатысуға ниетті / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы бірнеше банк тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға ниетті. Алайда мемлекеттік сыйақы төлемесе, екінші деңгейлі банктер «Отбасы банкпен» бәсекелесе алмайды. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Рамазан Досов LS басылымына осылай пікір білдірген.

Қазірге кезде «Отбасы банктің» басты артықшылығы – мемлекеттік сыйлықақы тетігіне ие болуы. Бұл тетік жинақтардың табыстылығын арттырып қана қоймай, болашақ несиенің құнын айтарлықтай арзандатады.

Екінші деңгейлі банктерде мұндай мемлекеттік қолдау болмағандықтан, олар қаражатты нарықтық шарттармен тартуға мәжбүр. Ал бұл жағдай банк өнімдерін қымбаттатып, қарыз алушылар үшін оның тиімділігін жояды.

Сарапшының пайымдауына қарағанда, нақты бәсекелестік тек «мемлекеттік сыйлықақы салымшымен бірге жүреді» деген қағида енгізілгенде ғана басталады.

«Егер мемлекеттік қолдау банк таңдауына қарамастан берілетін болса, онда қаржы институттары арасындағы күрес пайыздық мөлшерлеме мен қызмет көрсету сапасы деңгейіне ауысар еді. Қазіргі жағдайда ТҮҚЖ жүйесіне қатысушы банктер санын жай ғана арттыру ипотекалық несие мөлшерлемесінің төмендеуіне немесе нарықтың түбегейлі өзгеруіне әкелмейді», – дейді сарапшы.

Осыған қарамастан, бірқатар ірі банктер бұл бағытты зерттеуге кіріскен. Мәселен Halyk Bank пен Freedom Bank жүйеге қатысу мүмкіндігін қарастырып, реттеуші талаптарды талдап жатыр. Ал Forte және RBK банктері өнім концепциясын әзірлеу сатысында.

Еуразиялық банк пен Altyn Bank әзірге бұл жүйеге қатысуды жоспарлап отырған жоқ.

Биыл коммерциялық банктерге де тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға рұқсат берілді. Өзгеріс 19 нурыздан бастап күшіне енеді. 

Дегенмен коммерциялық банктердің клиенттері «Отбасы банкі» үлгісіндегі мемлекеттік сылықақыны ала алмайды. Яғни, салым жасаған қаражатқа 20% мөлшеріндегі мемлекеттік қосымша төлемді тек «Отбасы банкі» төлейді. Бұл төлем 2025 жыл үшін 157 280 теңгені құрайды.

Бұған дейін тұрғын үй нарығының сарапшысы Лев Тетин тұрғын үй жинақ жүйесі елдегі екінші деңгейлі банктерге қызық емес деп пікір білдірген.

«Отбасы банк» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова коммерциялық банктерді тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне қосуға қарсы шыққан.