
2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда кезекті референдум өтеді. Осы жолы халық жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты дауыс береді. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғалы өткізіліп отырған үшінші референдум.
2022 жылы ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтсе, 2024 жылғы 6 қазанда халық атом электр станциясын салуға қатысты дауыс берді.
Жаңа Ата заң қабылдайтын референдумға қанша қаржы бөлінеді
Жаңа Ата заң жобасы дауысқа салынатын шараға бюджеттен қанша қаржы бөлінетіні әлі нақтыланбаған. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков референдум өткізуге қаражат үкімет резервінен алынатынын мәлімдеді. Алайда оған 2024 жылғы АЭС референдумынан біршама көп қаржы бөлінуі мүмкін.
2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспарында расында референдум өткізуге қаржы қарастырылмаған. Дегенмен Орталық сайлау комиссиясының жұмысына биыл 12,6 млрд теңге бөлінбек.
Соның ішінде 1,4 млрд теңгесі сайлау өткізуді ұйымдастыруға жұмсалса, 11,2 млрд теңгесі сайлау өткізуге бөлінген. Бұл қаржы – референдумға жұмсалатын ақшадан бөлек қаражат.
Дәурен Темірбековтің айтуынша, қаржы министрлігіне әлі қаражат сомасы көрсетілген өтініш түспеген. Сол өтініш түскен соң, үкімет арнайы қаулы қабылдап, соның негізінде үкімет резервінен қаржы бөлінеді.
АЭС салуға қатысты референдумға 15,5 млрд теңге жұмсалды
2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бүкілхалықтық дауысқа салынды. Бұл референдумға қазынадан 15,5 млрд теңге бөлінді.
Референдум өткізуге кеткен шығынның – 70 пайыздан астамы еңбекақы қорына тиесілі болды. Сондықтан комиссия мүшелерінің жұмыс уақытын есепке алу үшін арнайы жүйе енгізілген.

Десе де, орталық сайлау комиссиясы бұл қаржыдан үнемделген 682 млн теңгені бюджетке қайтарды.
2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепке сәйкес, сол жылы Орталық сайлау комисиясының қызметіне жалпы 37,9 млрд теңге жұмсалған.
Орталық сайлау комиссиясының деректеріне сәйкес, дауыс бергендердің 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдаған. Жалпы сайлаушылардың 63,66 пайызы референдумға қатысты.
Алғашқы атом электр станциясы Алматы облысындағы Үлкен ауылында салынбақ. Жобаны «Росатом» компаниясы жүзеге асырады. 2025 жылдың 8 тамызында аталған аумақта инженерлік зерттеу жұмыстары басталып, болашақ құрылыс алаңын нақтылау шаралары қолға алынды.
2022 жылғы референдум: Конституцияға өзгеріс енгізілді
2022 жылғы 5 маусымда қолданыстағы Конституцияға алтыншы рет өзгеріс енгізуге қатысты референдум өтіп, Ата заңның 33-бабына 56 түзету енгізілген.

Дауыс беру парағында «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қолдайсыз ба?» деген бір ғана сауал қойылған. Нәтижесінде азаматтардың 77,18 пайызы өзгерістерді қолдаса, 18,66 пайызы қарсы дауыс берген.
Бұл өзгерістер басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталды: суперпрезиденттік үлгіден президенттік республикаға көшу, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта қарау, Парламенттің ықпалын арттыру, азаматтардың ел ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту және құқықтарды қорғау тетіктерін жетілдіру көзделді.
Бұл референдумды өткізуге бюджеттен 16,5 млрд теңге бөлінген. Соның 1,6 млрд теңгесі үнемделіп, мемлекет бюджетіне қайтарылды.
Референдумнан кейін 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтіп, оған да үкімет резервінен 20,5 млрд теңге бөлінген.