Жаңалықтар

Қазақстандағы ең бай адамға тиесілі компания Алматы тұрғындарының құқығын бұзған

Фото: shutterstock

Қазақстанның ең дәулетті бизнесмені Вячеслав Кимге тиесілі «Алсеко» компаниясы тұрғындарға негізсіз төлем есептеп, «тұтынушылардың құқығына нұқсан келтірді» деп айып тағылған. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Нұржан Нұрланұлы мәлімдеді.

Тұрғындар не үшін артық ақша төледі

Монополияға қарсы ведомствоның жүргізген зерттеуі «Алсеконың» «бармақ басты, көз қысты» әрекетке жол бергенін немесе өз міндетіне салақ қарағанын көрсетіп отыр.

Анықталғандай, компания ТҮКШ саласындағы түрлі қызмет түрлерін түбіртекке қосар алдында, тұрғындардың бұл қызметке шынымен келісім берген-бермегенін тексермеген.

Заң бойынша, түбіртекте жаңа жолақ пайда болуы үшін пәтер иелері жиналысы өткізіп, оң шешім қабылдануға тиіс.

Алайда сервистік компаниялар мен МИБ, ПИК басшылары «Алсекоға» тұрғындардың пікірін растайтын құжаттарды ұсынбаса да, есеп айырысу орталығы төлемдерді қағазға баса берген.

Монополис қандай жауапкершілікке тартылады

Нұржан Нұрланұлының айтуынша, нарықта үстемдікке ие «Алсеко» секілді алып компанияның мойнына «жүктелген міндет жүгі» жеңіл емес. Монополист ретінде ол қызмет беруші құжаттардың толық пакетін көрсетпейінше, жаңа төлемді басып шығарудан бас тартуға міндетті еді.

«Бұл жерде «Алсеко» тұтынушы мен қызмет беруші арасындағы алғашқы байланыстың заңдылығын қадағалауға тиіс болатын. Ал бұл міндеттің орындалмауы – тұтынушылардың заңды құқықтарын аяққа таптаумен тең», – деп атап өтті департамент басшысы.

Сот шешімі қандай

Бұл даудың түйіні қазір сот залында шешіліп жатыр. Бірінші сатыдағы сот БҚДА-ның қорытындысын заңды деп танып, «Алсеконың» айыбын айғақтап берген.

Дегенмен, шешім әлі заңды күшіне енген жоқ және компанияның аппеляцияға жүгінуге құқығы бар.

«Алсеко» компаниясының иесі Вячеслав Ким – Kaspi.kz-тің негізін қалаушылардың бірі және «Alatau City Bank» қожайыны. Forbes журналы оның дәулетін 7,1 млрд долларға бағаланған.

Бұған дейін БҚДА FlyArystan-ның қол жүгіне ақы белгілеу тәртібін тексеріп жатқаны хабарланған.