
«Алматы электр станциялары» компаниясы нарықтағы басым жағдайын пайдалана отырып, индустриялық аймақтағы 118 кәсіпорынға өз қызметін еншілес компаниясы арқылы заңсыз сатқан. Нәтижесінде 400 млрд теңге инвестиция салған резиденттерге қосымша қаржылай жүктеме түсірген.
Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Нұрланұлы мәлімдеді.
Оның айтуынша, компания жергілікті энергиямен жабдықтаушыны Алматы индустриялық аймағына жеткізілетін электр қуатын қосымша ақылы қызметпен бірге сатып алуға мәжбүрлегені белгілі болды. Яғни электр энергиясы өзіне қарасты компания желілері арқылы беріліп, оған бөлек төлем талап етілген.
Бұл талап индустриялық аймақта қалалық электр желілері жоқ болса да қойылған. Негізінде мемлекет кәсіпкерлердің шығынын азайту үшін бұл аумақты ЖЭО-2-ге тікелей қосатын арнайы инфрақұрылым салып берген еді.
«Мұндай шарттар энергия қорына жұмсалатын шығынды азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың тиімділігін іс жүзінде жоққа шығарды. Сот департамент қорытындыларын заңды деп танып, түпкілікті шешім қабылданған жағдайда жүзден астам кәсіпкердің құқығы қорғалады», – деп атап өтті спикер.
2025 жылдың жазында Алматы электр станцияларына сот шешімімен 4,4 млрд теңге айыппұл салынғаны хабарланған.
«Алматы электр станциялары» АҚ – «Самұрық Энерго» компаниясының еншілес ұйымы. Алматы қаласы мен Алматы облысында жылу және электр энергиясын өндіру саласында жұмыс істейтін энергия өндіруші ұйым.