
Қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық келбетін сипаттайтын ең басты термин – «ішкі мобильділік». Халқымыздың бір нүктеден екінші нүктеге қозғалуы жай ғана мекенжай ауыстыру емес, бұл – үлкен демографиялық дүмпу. Kursiv.Media ҚР ҰСБ-ның мәліметтері негізінде жасаған соңғы зерттеуіне сүйенсек, ел ішіндегі көші-қон айырымы соңғы онжылдықтағы ең жоғары шегіне жетті. Демографиялық қозғалыстың негізгі екі эпицентрі – Астана мен Алматы қалалары болып отыр. Олар елдегі адам капиталын шоғырландырушы басты полюстерге айналды.

Инфографика 01: Ішкі көші-қон айырымы
Облыстардың «тартылуы»: дисбаланс қайда апарып соғады?
Инфографикадағы сары түспен боялған аймақтар – бүгінгі Қазақстанның демографиялық «донорлары». Түркістан облысының көрсеткіші: – 42 649 адам. Бұл аймақтан халықтың жаппай көшуі тек жұмыссыздық емес, сонымен бірге өмір сүру сапасының төмендігінен де хабар береді.
Жамбыл (-21 179), Жетісу (-13 018), Қызылорда (-11 913) облыстары да адам капиталын жоғалтуда. Бұл аймақтардан көбіне жастар мен білікті мамандар кетеді. Осының салдарынан ауылдық жерлерде «демографиялық қартаю» процесі жүріп жатыр. Егер ауылда тек қарттар мен әлеуметтік аз қамтылған топтар қалса, онда ауыл шаруашылығын кім дамытады? Бұл – тікелей азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатер.
Солтүстік өңірлердегі жағдай (СҚО -6 441, Қостанай -4 499) сандық тұрғыдан аз көрінгенімен, бұл аймақтардың халық тығыздығы онсыз да төмен. Әрбір кеткен адам – шекара маңындағы елдімекендердің қаңырап қалуына жасалған бір қадам.

Инфографика 02: Астанаға өзге өңірлерден көшу қарқыны (айырымы)
Астана: солтүстіктің демографиялық форпосты
Инфографикаға үңілсек, Астана қаласының тартылыс күші таңғаларлық. 2016 жылы көші-қон айырымы 76 950 адам болса, 2018-2020 жылдар аралығындағы біраз бәсеңдеуден кейін, 2025 жылы рекордтық 87 459 адамға жетті. Бұл – бір жыл ішінде елордаға келушілер саны одан кетушілерден 87 мыңға көп деген сөз. Іс жүзінде, Астана жыл сайын орташа бір облыс орталығының халқын өзіне қосып алып отыр.
Астананың бұл феномені бірнеше фактормен түсіндіріледі. Біріншіден, бұл – әкімшілік ресурс пен мансаптық сатының орталығы. Екіншіден, құрылыс секторының тоқтаусыз дамуы мыңдаған жұмыс қолын қажет етеді. Алайда «агрессивті» өсім қаланың инфрақұрылымына үлкен салмақ салып отыр. Сумен қамтамасыз ету, жылу желілерінің жетіспеушілігі және мектептердегі орын тапшылығы – Астананың бүгінгі басты ауруы. Егер көші-қон қарқыны осылай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай елорданың инженерлік жүйелері «коллапсқа» ұшырауы мүмкін деген қауіп бар.
Алматы: мәдениет пен еркіндіктің мегаполисі
Алматы қаласындағы жағдай сәл өзгеше. 2025 жылғы мәліметтер бойынша, қаланың көші-қон айырымы +33 126 адамды құрады. Астанадан аз көрінгенімен, бұл жерде «Алматы агломерациясы» деген ұғымды ескеру керек. Алматы облысының өзіне тағы 12 210 адам қосылды. Демек, Алматы мен оның айналасындағы елдімекендер біртұтас урбанизацияланған кеңістікке айналып, жылына 45 мыңнан астам адамды «сіңіріп» жатыр.
Алматы – креативті индустрияның, шағын және орта бизнестің орталығы. Мұнда адамдар мемлекеттік қызмет үшін емес, мүмкіндіктер мен еркін нарық үшін келеді. Бірақ Алматының географиялық орналасуы (тау бөктері) оның шексіз кеңеюіне мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде біз не көріп отырмыз?
- Экологиялық апат: Ауаның ластануы шекті деңгейден бірнеше есе асып кеткен.
- Көлік кептелісі: Қала маңынан күн сайын қалаға келіп-кететін 400 мыңнан астам көлік Алматының тынысын тарылтуда.
- Әлеуметтік теңсіздік: Қала орталығындағы элиталық аудандар мен шет аймақтардағы (шаңырақ, бақай типтес) инфрақұрылымы төмен елді мекендер арасындағы алшақтық әлеуметтік жарылыс қаупін тудырады.
Шетелдік тәжірибе: Урбанизацияны қалай басқару керек?
Әлемдік тәжірибеде мегаполистердің шектен тыс өсуін тежеудің бірнеше жолы бар.
- Түркия (Ыстанбұл мысалы): Түркия билігі Ыстанбұлдың жүктемесін азайту үшін Коджаэли мен Бурса сияқты индустриалды қалаларды дамытты. Осылайша, жұмыс күші тек Ыстанбұлға емес, осы серіктес қалаларға бағытталды.
- Оңтүстік Корея (Седжон қаласы): Сеулдегі халық тығыздығын азайту үшін корейлер Седжон деген жаңа әкімшілік орталық салып, мемлекеттік органдардың көбін сонда көшірді. Бұл Астананың салынуына ұқсас, бірақ олар қазір «дицентрализацияны» одан әрі тереңдетіп жатыр.
- Германия: Германияда «орталық» деген ұғым жоқ. Берлин – саяси, Франкфурт – қаржылық, Мюнхен – технологиялық орталық. Қазақстанға да осы «көп орталықты» (полицентрлік) модель керек.
Проблемалар мен өзекті мәселелер
Қазақстандағы ішкі көші-қонның басты мәселесі – оның ретсіздігі. Халық мемлекеттік жоспар бойынша емес, «күн көру» қажеттілігімен көшіп жатыр. Осыдан келіп мынадай өзекті түйткілдер туындайды:
- Жалған урбанизация: Адамдар қалаға көшіп келгенімен, олардың өмір сүру деңгейі қалалық стандартқа жетпейді. Олар қала шетіндегі заңсыз салынған үйлерде, газсыз, сусыз өмір сүруге мәжбүр. Бұл – маргиналдану процесі.
- Білім берудегі теңсіздік: Астана мен Алматы мектептеріндегі бала санының көптігі білім сапасын төмендетеді. Керісінше, ауылдағы мектептерде бала санының аздығынан олар жабылып жатыр.
- Экологиялық миграция: Арал өңірі мен бұрынғы полигон аймақтарынан көшу – бұл экономикалық емес, өмір сүру үшін күрес.
Шымкент потенциалы
Мәселені шешу үшін тек мегаполистерге шектеу қою жеткіліксіз. Бізге «аймақтық эгоизмнен» арылу керек.
- Шымкенттің потенциалы: Графикте Шымкент қаласының +15 130 көрсеткіші қуантады. Шымкент – Оңтүстік аймақтың «қысымын» басатын басты клапан болуы тиіс. Егер Шымкент өзіне Түркістан мен Жамбылдың миграциялық ағынын ала алса, Алматы сәл де болса «дем алады».
- Тірек ауылдар: Ауылға тек жол емес, қалалық жайлылықты апару керек. Жоғары жылдамдықты интернет пен қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі (digital nomad) жастардың ауылда қалып, табыс табуына жол ашады.
- Салықтық жеңілдіктер: Өндіріс орындарын Астана немесе Алматыда емес, кішігірім қалаларда (мысалы, Арқалық, Кентау, Риддер) ашқан кәсіпкерлерге үлкен салықтық преференциялар беру қажет.