
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова туысы Бекзат Кемелованы сотта жеңіп шықты.
Істің мән-жайы
Қылмыстық іс 2025 жылдың күзінде басталған. Дау 990 мың доллар төңірегінде болып отыр.
Нұрлыбекованың айтуынша, ол 990 000 долларды көк түсті чемоданға салып, туысы Бекзат Кемеловаға берген. Ал Кемелова бұл ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланып, қайтармаған.
Оқиға Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатқанда болған.
Бекзат Кемелова сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері Бишімбаевтың отбасына бақылау жүргізіп, мүлкі мен ақшасын тәркілеуді жоспарлап отырғанын айтқан. Мүлкін сақтап қалудың бірден-бір жолы ақшаны өзіне беру екеніне сендірген.
Сот үкімі
Сот үкімімен Бекзат Кемелова кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сотталғанның мүлкін тәркілеп, Нұрлыбекованың пайдасына 500 миллион теңге өндіру туралы шешім қабылдады.
Сотталушы Бекзат Кемелова сотта не деді?
Кемелованың айтуынша, 2023 жылдың 13 қарашасында Нұрлыбекованың үйіне барған. Сол үйден шабадан ұстап шыққан. Айтуынша, шабаданның ішінде ақша емес, құжат болған.
«Нұрлыбекова сейфтен жылжымайтын мүлікке қатысты 16-17 құжат алып шықты. (…) Құжаттарды салатын нәрсе әкелуімді сұрады. Матадан тігілген сөмке әкелдім. Нұрлыбекова «коттедж 2,5 млн доллар, екі пәтер миллион доллар тұрады. Құжаттарын таксимен алып кеткелі жатырсың ба?» деп, шабадан әкелуімді сұрады. Басқа бөлмеден көк шабаданды алып, соның ішіне құжаттарды салдық», – дейді сотталушы.
Сот отырыстарының біріне Альмира Нұрлыбекова көк шабаданды ала келді.