Жаңалықтар

Метро желісі Қалқаманға дейін жетті

Қалқаман метро желісі
фото: Алматы қаласы әкімдігі

Қалқаман метро бекеті ресми түрде метро желісіне қосылды. «Бауыржан Момышұлы» және «Қалқаман» бекеттерінің арасындағы 1593 метр болатын тоннельді қазу жұмысы аяқталды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінен хабарлайды.

Қазір сол жақ бағыттағы тоннель дайын. Рельстер мен байланыс рельсі орнатылып, барлық инженерлік желілер монтаждалған.

Екі бекеттің арасы ресми түрде қосылуы құрылысшылар үшін атаулы күн болды. Жер астындағы тоннельді шармен безендіріп, екі жақтағы әріптестер бір-бірін құттықтады.

Қалқаман метро желісі
фото: Алматы қаласы әкімдігі

«Қалқаман» бекеті ғимаратының құрылысы аяқталып, бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Пойыз қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесін қоса алғанда, әлемдік жетекші өндірушілердің жабдықтары жеткізілген. Жақын арада оларды орнату және баптау кезеңі басталады», – деп хабарлайды әкімдіктен.

Бас мердігер ұйымның дерегінше, негізгі құрылыс шамамен 11 ай ішінде біткен. Осы жылы тамызға дейін құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталады деген жоспар бар.

Метроның бас мердігері –  Bazis Construction компаниясы. Былтыр күзде олар жаңа бекет 2026 жылы жазда ашылады деп уәде берген еді.

Бірақ желі «Қалқаман» бекетімен тоқтамайды. 2040 жылға дейін ұзарып, екі теміржол вокзалын жалғастыруы керек.