Жаңалықтар

Саябақ жабылып, көшелер суға толды: Шымкенттегі қар мен жаңбыр салдары

фото: Дилара Иса

Шымкентте екі күннен бері жаңбыр мен қар жауып, жұртты әбігерге салды. Бұл жолы да суға толған көше, аялдамалар, бұтағы, тіпті тамырымен опырылып сынған, құлаған ағаштар, үзілген электр сымдары, бұдан бүлінген көліктердің фото, видеосын тұрғындар көптеп бөлісіп жатыр. Тұрғындардың кейбірі құлаған ағаштар шірігенін, оны кесуге өтініш білдіргенімен, жергілікті әкімдік елемегенін жазды.

фото: Дилара Иса
фото: Дилара Иса

Қала әкімдігі тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Кей көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы ойын алаңдары да қоршалып жатыр. Әзірге қалада қанша ағаш сынып, көлік бүлінгені, кім қандай шығынға батқаны белгісіз.

фото: Дилара Иса

Қаладағы қалыптасқан жағдайға байланысты кеше кешке қала әкімі Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік парақшасында мәлімдеме жасады. Әкім қалада барлық коммуналдық және апаттық қызмет күшейтілген режимге көшірілгенін жазды.

Күндіз-түні көшелер, тротуарлар және қоғамдық орындар үздіксіз тазаланып жатыр. Ол үшін 462 арнайы техника мен 5 мың жұмысшы тартылған. Магистральды көшелердің өзінен 1345 текше метр қар шығарылған. Жалпы 35 000 текше метр құм және 21 мың тонна тұз қолданылған.

Сондай-ақ қала әкімі ағаштардың құлауына байланысты Дендрологиялық саябаққа бару уақытша шектелгенін мәлімдеді. Саябақ ағаштардың жағдайы бағаланып, бұтақтардың құлау қаупі сейілгенде ашылады.

«Кейбір көшелерді ішінара су басу әлі де бар, сондай-ақ өзен арналары жанында су басу қаупі бар. Мамандар барлық қажетті жұмысты жүргізіп жатыр. Қауіпсіздік мақсатында саябақ пен гүлзарларға бармауды, ірі ағаштардың жанында тұрмауды және көліктерді жасыл желектер мен конструкциялар астына қоймауды сұраймыз» деп жазды әкім.

Еске сала кетер болсақ, Шымкентте жаңбыр жауып, арты қарға ұласқан. Қар салмағын көтере алмай сынған ағаштан зардап шеккендер бар. Осыдан екі күн бұрын Түркістан облысы Сауран ауданында толассыз жауған жауыннан Жаңақорған өзенінде су деңгейі көтерілген. Сондай-ақ Түркістан қаласында көшелерді су басып, қозғалыс қиындаған.