
Елде ауа райы қолайсыз күндері автокөліктердің қозғалысын «жұп және тақ күн» қағидаты бойынша шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінде өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Диапазон порталы.
Министрлік мәліметінше, елдің 11 қаласында ауа сапасы тұрақты түрде жоғары деңгейде ластанған. Ең проблемалы қалалар қатарында Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Қарағанды және Теміртау бар.
Сарапшылардың дерегінше, ластанудың негізгі бөлігі автокөлік, жеке сектор және шағын кәсіпкерлік нысандарынан шығады. Мысалы, Алматыда зиянды шығарындылардың шамамен 60 пайызы автокөліктерге тиесілі болса, 12 пайыздан астамы жеке үйлер мен шағын қазандықтардан бөлінеді.
Бейжің тәжірибесі
Министрлік шетелдік тәжірибені зерделеу мақсатында Бейжің қаласына барған. Онда ауаның сапасын жақсарту үшін көлік электр қуатына көшірілген. Сонымен қатар автокөліктерге қойылатын талаптар күшейтілген және экологиялық аймақтар құрылған.
Ведомство әкімдіктерге 2026-2028 жылдарға арналған атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын әзірлеуді тапсырды.
«Жұп және тақ күн» жүйесі
Ұсыныстардың бірі – ауа райының қолайсыз күндерінде көлік қозғалысын «жұп және тақ күн» тәртібімен уақытша шектеу. Яғни мемлекеттік нөмірі жұп санмен аяқталатын көліктер тек жұп күндері, ал тақ санмен аяқталатын көліктер тақ күндері ғана жүре алады. Мамандар бұл шара ауаның ластануын азайтуға ықпал етуі мүмкін деп есептейді.
Сондай-ақ көмір мен отынды қоғамдық тамақтану орындарында және шағын қазандықтарда пайдалануға шектеу қою, қоғамдық көлік пен таксиді газға немесе электр қуатына көшіру, жеке үйлерді газдандыруды субсидиялау, өнеркәсіп аймақтары маңында «жасыл белдеу» қалыптастыру ұсынылған.