
Wildberries маркетплейсін пайдаланатын Қазақстандағы тұтынушылар енді тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып ала алады. Компания хабарлауынша, ритейлер елдегі ірі банктермен серіктестік орнатып, клиенттерге төлемнің икемді шарттарын ұсынған. Бөліп төлеуді 10 мың теңгеден басталатын тапсырыстарға рәсімдеуге болады.
Сатып алынған тауардың құнын 3 немесе 6 айға тең үлеспен өтеуге болады.
Сондай-ақ, сатып алушы барлық шарт пен комиссия көлемін алдын ала көре алады. Егер тауар сәйкес келмей, қайтару рәсімделсе, бөліп төлеу автоматты түрде жойылады.
Платформада жұмыс істейтін сатушылар үшін бұл жаңашылдық сатылым көлемін арттыруға ынталандыру болмақ. Селлерлер үшін шарттар өзгермейді: маркетплейс сатылған тауар үшін қаражатты толық көлемде және әдеттегі мерзімде аударады.
Алдағы уақытта Wildberries қаржылық құралдар желісін кеңейтіп, исламдық банкинг қағидаларына сай серіктестік бөліп төлеуді іске қосуды жоспарлап отыр.