Жаңалықтар

Алматы әуежайына 2,1 млн теңге айыппұл салынды

аэропорт Алматы
Шешімді Алматы соты қабылдады/Фото: shutterstock

Алматы әуежайына 2,1 млн теңге айыппұл салынды. Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, әуежай басшылығы өрт қауіпсіздігі талаптарына қатысты ескертуді елемеген.

Төтенше жағдайлар департаменті әуежайға тексеру жүргізіп, өрт қауіпсіздігіне қатысты норма сақталмай отырғанын анықтаған. Оларды жою үшін 2026 жылдың 9 қаңтарына дейін уақыт берген.

Атап айтқанда контейнерлер жақын маңдағы ғимарат не құрылыстан 18 метр әрі тұруы керек. Бұл талап «Air Astana centre 3» ғимаратының батыс жағында сақталмаған.

Халықаралық Т-2 терминалында (багаж бөлімі, тұрмыстық үй-жай 1-8) өрт дабылы жүйесі мен бірден іске қосылатын өрт сөндіру қондырғысы орналасқан жер аумағы қолдан қысқартылған.

Сотта Алматы әуежайы өкілі анықталған олқылықты жою үшін жұмыс атқарылып жатқанын айтқан. Алайда әуежай мамандары тағы уақыт беруді сұрамаған.

Сол себепті сот Алматы халықаралық әуежайына 500 АЕК көлемінде айыппұл салды. Шешім қабылдау барысында әуежайдың ірі кәсіпкерлік субъектісіне жататыны ескерілген. 2026 жылы 500 АЕК 2 162 500 теңгеге тең.

Айта кетейік, бұған дейін FlyArystan-ның қол жүгіне ақы белгілеу тәртібі тексеріліп жатқаны хабарланған. Алайда әуе компаниясы тергеудің ресми шешімі шыққанға дейін қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.