Жаңалықтар

Ақтауда аққулар қырылғаннан кейін алынған сынама нәтижесі жарияланды

Аққу өлексесінен, судан сынама алынды/фото: shutterstock

Маңғыстау облысының экология департаменті аққулардың өлексесі табылғаннан кейін жүргізілген талдаудың нәтижесін жариялады.

Бұған дейін Сайын Шапағатов ауылы маңында теңіз жағасынан 10 ақпанда тоғыз аққудың өлексесі табылды. Оған дейін 11 аққудың сүйегі жиналған. 

Артынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері экология департаментіне және Ақтау қаласы әкімдігіне хат жолдап, аққу өлексесінен, судан сынама алуды сұраған.

«Суға зертханалық талдау жүргізілді. Талдама қорытындысы бойынша су сынамасында ластаушы заттар анықталмады», – деп хабарлады департамент.

Айта кетейік, мониторинг жұмыстары «Қарақия-Қаракөл» қорығының Қаракөл көлінде жүргізіліп жатыр. Бұл көл аумағында шамамен 3-4 мың аққу қыстайды.