
Орал қаласында полиция қызметкерлері түнгі ойын-сауық орындарында ауқымды профилактикалық тексеру жүргізді.
Polisia.kz ақпаратына қарағанда, рейд қалалық полиция басқармасының бастамасымен жедел бөлімшелер және Жедел әрекет ету арнайы жасағының қатысуымен өткен. Санкцияланған тексеру барысында 56-дан астам адам және клубтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзет қызметтері тексеріліп, бірқатар әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
Құқық қорғау органдары кәмелетке толмаған келушілерге ерекше назар аударып отыр. Тексеру кезінде 21 жасқа толмаған 11 адам анықталған. Медициналық сараптамаға сәйкес, олардың бесеуі жеңіл дәрежеде мас күйде болған. Жастардың айтуынша, алкогольдік ішімдіктерді клуб ішінде сатып алған.
Сонымен қатар, күзет қызметкерлерінен екі пышақ, электрошокер және бұрышты газ баллоншасы тәркіленді. Бір клубта тоғыз кальян құрылғысы алынса, екінші мекеменің дәретханасынан вейптер мен ішінде ақ түсті ұнтақ тәрізді зат бар зип-пакет табылған.
Қалалық полиция басқармасының бастығы Нұрлан Бисенов мұндай тексерулер алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Оның сөзінше, рейдтердің негізгі мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Қазіргі таңда анықталған барлық деректер тиісті органдарға құқықтық баға беру және процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған.
Айта кететін жайт, Алматыда полиция ұйымдасқан қылмыстық топты ұстаған еді.