Жаңалықтар

Сотта Гүлайым Рахмонованың апатқа қалай түскені айтылды

Қылмыстық іс Тараза қаралып жатыр/көрнекі фото: kursiv.media, Айгерім Таубай

Тараз сотында UFC дүлдүлі Шавкат Рахмоновтың әйеліне қатысты іс қаралып жатыр.

Inform.kz хабарлауынша, жол апатына түскен күні Гүлайым Рахмонованың жанында ұлы, әпкесі және құрбысы болған. Салдарынан әпкесі мен құрбысы қайтыс болды.

Айыптау актісіне сәйкес, Рахмонова түні бойы көлік айдаған, қатты шаршағанына қарамастан, рөлді басқа адамға бермеген. Жолда көлікті басқара алмай қалған. Артынша автокөлік сол жақтағы қоршауға соғылған және қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен, кейін аударылған.

Іс Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Рахмоноваға қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігінде (бапта көлiк басқаратын адамның жол жүрісі абайсызда екі не одан көп адамның өліміне әкелген жағдай) көрсетілген айып тағылған.

Гүлайым Рахмонова апатқа түсті

Шавкат Рахмоновтың әйелі Гүлайым Рахмонова 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы – Екатеринбург тас жолының 299-шақырымында жол апатына түсті. Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.  Шавкат Рахмоновтың әйелі мен баласы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. 

Содан кейін Гүлайым Рахмоновадан қылмыстық істе қорғалуға құқығы бар куә ретінде жауап алынған