Жаңалықтар

Үкімет көкөніс экспортын шектемейтін болды

сәбіз
2025 жылдың аяғында үкімет сәбіз экспортына тыйым салуды жоспарлаған / фото: shutterstock

Үкімет сәбіз экспортына тыйым салу ниетінен бас тартты. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің депутаттық сауалға жауабында айтылған.

Қаңтардың ортасында Темір Қырықбаев бастаған бір топ депутат үкіметке сауал жолдап, сәбіз экспортын шектемеуді сұрады. Он депутаттың сұрағына премьер-министрдің орынбасары жауап берді.

«Ішкі нарықтың жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілуіне байланысты сәбіз
экспортына шектеулер енгізбеу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта
өндірушілер өнімді сыртқы нарықтарға кедергісіз өткізу мүмкіндігіне ие», – деп жазды Жұманғарин.

Оның айтуынша, 2025 жылы елде 3,8 млн тонна көкөніс, соның ішінде 411,9 мың тонна сәбіз жиналды. Билік өнімді ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге, оның бір бөлігін экспортқа шығаруға жеткілікті деп есептейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы желтоқсанда ауыл шаруашылығы министрлігі сәбіз экспорттауға уақытша тыйым салуды көздейтін бұйрық жобасын жариялаған.