Жаңалықтар

Кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп «Ордабасы» футбол клубының иесі атанды

Мүтәліп футбол клубын сатып алды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының иесі атанды. Клубты жеке меншікке беру туралы келісімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Integra Construction KZ компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліп қол қойды.

Құжатқа сәйкес, клубқа жеке инвестиция тартылып, инфрақұрылымды дамыту және басқарудың заманауи стандарттарын енгізу көзделген.

Жаттығу базаларын жаңарту, оқу-жаттығу жүйесін жетілдіру, басқару үдерістерін цифрландыру және клубтың табыстылығын арттыру жоспарланып отыр.

Шахмурат Мүталіп клубты ұзақ мерзімді, әлеуметтік маңызы бар жоба ретінде дамытатынын айтты. Негізгі назар инфрақұрылымды жаңартуға және жас ойыншыларды даярлауға аударылмақ.

Соңғы уақытта футбол клубтарын бюджетке тәуелділіктен шығару жұмыстары қарқын алды. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл футбол клубтарын жекешелендіріп, коммерцияландыру туралы тапсырма берген еді.